• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2016

Қалдықты қажетке жаратады

379 рет
көрсетілді

Жасыратыны жоқ, қазір қай елді мекенге барсақ та жол бойында, тұрғын үйлер арасында шашылып жатқан полиэтилен қапшықтардан көз сүрінеді. Тазалық айлығында немесе мектеп оқушыларының сенбіліктерінде арнайы тазартылса да 1 күн өтпей жатып полиэтилен пакеттер тағы көбейеді. Себебі, халық сатып алатын барлық заттарын бірреттік қолдануға арналған пакеттерге салып алады. Егер Тараздағы «Полиэтилен-Агроның» жұмысы қарқынды дамыса, қоршаған ортамыз ыбырсыған пакеттерден біршама тазарып қалар еді. Ендеше бұл зауыт қалдықсыз өнім шығарумен қатар экологиялық тазалыққа да көп үлес қосып жүргені сөзсіз. Өткен жылы үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламамен ашылған «Полиэтилен-Агро» ЖШС әсіресе бау-бақша егетін шаруалардың қажеттілігін қамтып отыр. Серіктестік шығаратын тауар – пленкалар мен полиэтилен жіп. Мұндағы ені 10 метрлік пленкалар негізінен бау-бақшаға, яғни жылыжайларға арналып шығарылады. Сонымен қатар, пленкаларды азық-түлік өндірушілер тағамдардың тазалығын сақтау үшін өнімді қаптауға пайдаланады. Сол секілді полиэтилен жіптерін де көбіне ауылшаруашылық бағытына қолданады екен. Ең бастысы, таза пленкаларды, азық-түлік қаптамаларын шығарғанда қалатын қалдық өнімдерді қайта өңдеп, құрылысқа қажетті материал дайындайды. Яғни, көлемді шығарылатын қоңырқай түсті пленкаларды құрылыста сыз өткізбейтін төсеніш ретінде қолданады. Серіктестікте өндіріс орнынан шыққан қалдықты пайдаға жарату көзделген. Серіктестік директоры Нұрпейіс Қалдыбековтің айтуынша, ені 10 метрлік пленканы елімізде жалғыз «Полиэтилен-Агро» ғана өндіреді екен. – Жалпы, пленка шығаратын өндіріс орындары көп. Бірақ біздің елде бау-бақшаға, құрылысқа қолдануға ыңғайлы, көлемді етіп шығаратын біз ғана. Пленканың енін 10 метр етіп шығаратын құрылғыны Қытайдан әкелдік. Зауытымызды күллі әлемге бұрыннан мәлім Жібек жолының, бүгінгі үлкен күре жолдың бойына салдық. Себебі, бұл жол талай елді жалғап жатыр және оңтүстік өңірінің орталығы секілді. Яғни, тұтынушыларға да оңтайлы болуы қарастырылған. Ауылшаруашылық тауарларының 80 пайызы оңтүстік аймақта өндірілетіндіктен зауытымыз осы аймаққа салынды. Жылына 2000 тоннаға дейін өнім шығарамыз. Тұтынушылар тарапынан сұраныс та жақсы. Әсіресе, өніміміздің 80 пайызын көрші Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданының жылыжай салушылары мен бақша дақылдарын өсірушілер алады. Қажетті шикізатты шетелдерден әкелеміз. Алдымен тағамдар қаптамасына, ауылшаруашылық бағытына қажетті таза, өте көлемді пленкаларды шығарамыз. Одан шыққан қалдықтарды қайта өңдеп, полиэтилен жібін өндіреміз. Сол жіптерден қоңырқай түсті пленкалар шығарылады. Оны жол салғанда, ғимарат тұрғызғанда астына төсеуге қолданады, – дейді Нұрпейіс Қалдыбеков. Қазір 15 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, алдағы уақытта өндірісті ары қарай дамытуды жоспарлап отыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ