Абу-Дабиде Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шәріпті БАӘ Президенті Әкімшілігінің басшысы Мансұр бен Заид әл Нахаян қабылдады.
Қос мемлекет арасындағы саяси үнқатысулардың заманауи деңгейіне жоғары баға берген шейх Мансұр бен Заид әл Нахаян Астана мен Абу-Даби Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері негізі қаланған екіжақты және өзара тиімді ынтымақтастық аясындағы жақын және өзара сенімге құрылған қарым-қатынасты алдағы уақытта да жалғастыра беретінін жеткізді. Оның айтуынша, осы мерзім аралығындағы ықпалдастықтың дамуына екі ел лидерлері – Нұрсұлтан Назарбаев пен Халифа бен Заид әл Нахаян орнатқан достық рәуіштегі әріптестік сеп болған.
Кездесу барысында Қазақстан мен БАӘ арасындағы ынтымақтастықты түрлі аспектілер бойынша дамыту төңірегінде пікір алмасылды. БАӘ Президенті Әкімшілігінің басшысы Қазақстанның 2017 жылдың 16-17 қаңтар күндері Абу-Дабиде «Болашақтың энергиясы» тақырыбында өтетін X Дүниежүзілік мерейтойлық саммитке қатысуға ниет танытып отырғанына ризашылығын білдірді. «Бұл саммитке Қазақстанның қатысуы ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырып аясын халықаралық алаңдарда насихаттауға, сол арқылы өзінің имидждік артықшылықтарын қамтамасыз етуіне, сондай-ақ, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы деңгейін жоғарылатуға сеп болады деп ойлаймын» – деді шейх Мансұр өз сөзінде.
«Болашақтың энергиясы» Дүниежүзілік саммиті шеңберінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ пен «EXPO-2020 Dubai» бюросы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қоюды көздеп отыр.
Ал Қайрат Лама Шәріп Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы бірлескен үкіметаралық комиссиясының 6-шы кезекті отырысын өткізудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерінің, сонымен қатар, инвестицияны өзара қорғау және ынталандыру жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қоюдың өзектілігін атап өтті.
«Егемен-ақпарат»