Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кіріс қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары барысында жол жүру ережесін бұзғаны үшін пайдаланылатын түбіртектерді қолдан жасап, сауда айналымына шығарған қылмыстық топ құрықталды. Тергеу-жедел тобы іс-шара барысында мұндай оқиғаның 56 рет көрініс бергенін анықтады, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Аталған түбіртектер графикалық редактор бағдарламасын пайдалана отырып, компьютерде дайындалған. Оның электрондық нұсқасы көпсалалы принтерде басылып шығарылыпты. Қылмыскерлер бұл іспен жалдамалы бірнеше пәтерде айналысқан. Департаменттің экономикалық қылмыспен күрес қызметкерлері осы топтың мүшесі М-ны сауданы қыздырып жатқан жерінен ұстаған. Тінту барысында дайын түбіртектер мен ұйымдастыру техникасы тәркіленді.
Анықталған қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекет бюджетіне 1 миллион 358 мың 238 теңгенің әкімшілік айыппұлы түспей қалған.
Сот үкімімен қылмыстық топтың мүшелері ҚК 385-бабының 2-бөліміне сәйкес айыпты деп танылды. Сондай-ақ, жеңіл «көмекке» жүгініп, әлгі түбіртектерді пайдаланған кісілердің үстінен де қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі күні сот алдындағы тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы