• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қазан, 2016

Тоғыз айда Қазақстан-Венгрия сауда айналымы 80 млн доллар болды

286 рет
көрсетілді

Кеше елордада Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың және Венгрияның Ұлттық экономика министрі Михай Варганың қатысуымен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысы өтті. Бишімбаевтың айтуынша, екі елдің жетекші компаниялары соңғы жылдары өзара табысты жұмыс істеуде деуге болады. Бүгінде елімізде елуге тарта бірлескен кәсіпорынның болуы осының белгісі. Екі тарап алдағы уақытта бірлескен кәсіпорындардың қатарын арттыруға мүдделі болып отыр. – Агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобаларды тікелей қаржыландыру мақсатында Қазақстан-Венгрия инвестициялық қорының құрылғаны табысты ынтымақтастықтың бір көрінісі деуге болады. Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласында көптеген жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Екі ел компанияларының бірлескен кәсіпорындарын құруға тиісті резервтер бар, – деді Қ.Бишімбаев. Венгрияның Ұлттық экономика министрі Михай Варга айтып өткендей, еуропалық мемлекет Қазақстанмен арадағы коммерциялық қатынастарды одан әрі дамыту үшін қажетті нәрсенің бәрін жасауға дайын. Оған екі елдің де әлеуеті толық жетеді. – Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық әріптес деп тану біз үшін өте маңызды. Бұл мемлекет біз үшін Еуропа мен Азияның арасындағы көпірдің қызметін атқарады. Венгрия  Еуропалық одақ пен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықты қолдауға қашанда әзір. Венгриялық кәсіпорындар өздерінің тәжірибесі мен біліктілігін пайдаланып сіздердің елдеріңізде экономиканы әртараптандыру ісіне көмегін тигізеді деп үміттенемін. Біз келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне де қатысамыз. Бұл екі елдің экономикалық қатынастарына жаңаша серпін беруге тиіс, – деді М.Варга. Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, 2015 жылы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сыртқы сауда айналымы 102 млн доллар болған, ал ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша шамамен 80 млн долларды құрады. Екі елдің табысты ынтымақтастығын нығайту үшін барлық жағдай жасалды. Екі ел арасында стратегиялық  кеңес құрылды, экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия, іскери кеңес, сонымен қатар, 40 млн доллар сомасына ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландырудың ортақ қоры жұмыс істейді. Экономика саласындағы екіжақты халықаралық құқықтық шарттық базаның негізгі элементтері жасалған. Делегация мүшелері сауда-саттық қатынастарды дамыту салаларын сөз етті. Шағын және орта бизнестің азық-түлік өнімдері мен сусындар шығару, химия мен фармацевтика өнеркәсібі, ауылшаруашылық өнеркәсібі сынды секторларында ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік зор екендігін тілге тиек етті. Жиын соңында еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Венгрияның Ұлттық экономика министрлігі арасында Халықты жұмыспен қамту саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстанның Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті мен Венгрия Мемлекеттік қазынашылығы ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның келесі отырысы Будапеште өтетін болып келісілді. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»