• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
18 Қазан, 2016

Балеттің бабы мен бағы

273 рет
көрсетілді

Елордаға алғаш рет гастрольдік сапармен келген Борис Эйфман атындағы академиялық балет театрының труппасы «Астана Опера» театрының Үлкен залында А.С.Пушкин романы желісімен П.И.Чайковский мен А.Ситковецкийдің музыкасына жазылған («Автограф» рок тобы) «Евгений Онегин» балетін көрерменге ұсынды. Мұнда басты партияларды аты-жөндері әлемге әйгілі би­шілер орындады. Онегинді – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, РФ Президенті сыйлығының иегері, «Алтын бетперде», «Алтын Со­фит» сыйлықтарының лауреаты Олег Габышев сомдаса, Татьянаны – халықаралық байқаулардың жеңімпазы, «Алтын бетперде», «Алтын Софит» сыйлықтарының лауреаты Мария Абашова, Лен­ский рөлін – Ресей Президенті сыйлығының, «Алтын Софит» сыйлығының лауреаты Дмитрий Фишер, ал Ольганы  Наталья Поворознюк бейнеледі. Сахна декорациясы әдет­тегідей З.Марголин өнерімен ерекше сәнденді, сонымен бір­ге костюмдерді дайындаған П.Оку­­нев, О.Шаишмелашвили жә­не А.Якущенко шеберлігі спек­такльдің шынайылығын қам­тамасыз етті деуге толық негіз бар. Борис Эйфманның есімі үнемі қызық та көркем тәжірибелермен, яғни классикалық шығармаларды заманауи тың үлгімен батыл ұш­тастыруымен мәлім десек, хореограф қазіргі заманғы балет­тің мазмұндық сипатына да көп өзгерістер алып келуімен әріп­тестерінен оқ бойы озық тұр. – Өз спектакльдерімде мәр­тебелі әдебиетке барынша жү­гіне отырып, біздің алды­мыз­дағы кемеңгер тұлғалардың сезімге толы толғанысын және шығармашылық күшін хореография өнері арқылы жеткізуге тырысамын. Сөз өнері – бұл әл­дененің басын құрау мен жоққа шығару құралы болып табылады, ол ойда жүрген кез келген істі қалпына келтіре отырып және бір мезгілде соның көзін жойып та жібере алады. Өз ойыңды айқын жеткізудің көне тәсілі ретінде дене, қимыл тілі жалпыға түсінікті эмоциялық және рухани құндылықтардан тұрады. Әдеби түпнұсқаны ескере отырып, мен өзіме тек хо­рео­графияның тілімен ғана жет­кізілетін, замандастарымды алаң­дататын дүниенің мағынасын ашып көрсетуді мақсат тұттым, – деді Ресейдің халық әртісі Борис Эйфман. «Евгений Онегиннің» кейіп­керлері рухани құлдыраған ғасыр­лардан, аумалы-төкпелі түрлі заманнан өткен бүгінгі күннің маңызды кейіпкерлеріне айналған. Петр Ильич Чайковскийдің шы­ғармасы мен композитор Алек­сандр Ситковецкийдің рок музыкасының сахнада өзара үйлесім табуы көрерменге хорео­графтың ойын терең ұғынуына мүмкіндік бергені даусыз. Санкт-Петербург балет мектебі туралы «Таймс» газетінің жетекші балет сыншысы Дебра Крейн: – Эйфманның хореографиясына тән көркемдік – біз одан не күтеміз, ол соны береді, ондағы біресе бишілер жаппай екпін беретін көріністер керемет әсерге бөлесе, ал енді бірде акробатика тілімен орындалатын мағыналы монологтар кездеседі, жалпы мұндағы сезімнің әрбір тамшысы қайғыға булыққан денелерді суреттейді, – деп атап өтті. Борис Эйфманның санкт­петербургтік академиялық балет театрының гастролі халықаралық III «Жібек жолы» фестивалі аясында өтті. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»