• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
18 Қазан, 2016

Агенттік жұмысындағы ашықтық

197 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде оның төраға  орынбасары А.Шаимованың қатысуымен өткен брифингте «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» жайы жан-жақты сөз етілді. Агенттік төрағасының орынбасары барлық маңызды да қажетті ақпарат­тарды дер кезінде жеткізу жайын ерекше атады. Өйткені, мемлекеттік қызметке деген қызығушылық әлі де толастамай келеді. Оның басты дәлелі – агенттіктің сайтына күн сайын мемлекеттік қызметке қатыс­ты заңнамаға түсінік беруді сұра­ған ондаған сауалдар келіп түсуде. Әсіресе,  мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, лауазым сатысымен жоғарылау, жұмыс өтілінің есеп­телуі, біліктілік талаптарға сәйкестігі сияқты мәселелер өте қызықтырып отыр. Сон­дық­тан да, агенттік жүйелі түрде жан-жақты ақпарат беріп тұру үшін жаңа­дан тағайындалған Мемле­кет­тік қызмет істері агенттігінің ресми өкілі Асан Қалиахметов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ресми өкілі Ақжан Ырыс­ал­диновты арнайы таныстырды. А.Шаимова әркім өзінің жұмыс уақытын тиімді пайдаланса, жұмыстан ертерек кетуге мүмкіндік алатынын да ортаға салды. Ол үшін әрбір мемлекеттік қыз­метші өзін өзі тәрбиелеу арқылы жұмыс уақы­тын тиімді пайдалануы керек. Тіпті, мем­лекеттік қызметшілерді оқыту барысында осындай өздерін іштен тәрбиелеу тетігі енгізілері де атал­май қалмады. Агент­­тік төраға­сы орын­басарының пайы­мынша, барлық мәселе тек бақы­лауға ғана қатысты емес. «Бүгінгі таңда бар­­лық мемлекеттік органдардағы жүйелі өңдеу орташа есеппен 1 сағат 19 минут­ты құраған. Сондықтан, агенттік тек бақы­лау жүргізу жолымен ғана емес, мемқыз­метшілердің ішкі тәр­тібін өз­дері орнатуына мүмкіндік беру арқылы шешуді ұсынып отырмыз», деді Айгүл Аманбайқызы. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»