• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
18 Қазан, 2016

Қиындықтан құтқаратын қызмет

245 рет
көрсетілді

Тіршілік болған соң әр түрлі жағдай болады. Аяқ астынан ауыртпалық түсіп, абдырап қалатын кездер де кездеседі. Сондайда қол ұшын бере қоятын қызметтердің бірі – құтқару­шылар десек қателеспеспіз. Біз ІІМ Ақтөбе облысы ТЖД  жедел құтқару жасағы мемлекеттік мекемесінің басшысы Қасымжан Байсадақовқа жолығып, әңгімелескен едік. – Сіздің жақында ғана мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапат­­тал­ғаныңыздан құлағ­дар­­мыз, құтты болсын! Өзіңіз бас­­қа­ратын мекеме бір қара­ған­да қар­баласы көп, абырой әпер­мей­тіндей болып көрінеді. Ұжым­дағы табыстың сыры неде? – Жылы лебізіңізге рахмет, әрине. Мен бұл салаға 2005 жылы келдім. Ол кездегі атауы бас­қаша, об­лыстық суда құтқару қыз­меті деп аталды, азаматтық қор­ғаныс жүйе­сіне қарайтын-ды. Мақтанып отыр демеңіз, қыз­меттің сол кездегі жағ­дайы адам аярлық еді. Мекеме пар­кін­де қаусаған жалғыз «УАЗ» м­а­ши­насы, жамап-жасқаулы екі қайық болды. Екі құтқару қыз­меті стансасы болды, оның өзі пеш­­пен жылытылатын вагон­дар­да ор­­­на­ласты. Ал суға сүңгуір­ле­р­­дің бар­­лығына ортақ бір ар­нау­лы  киім болды десек, біреулер се­нер, біреулер сенбес. Барлық құт­­­қару­­шыларға бір ғана рация ти­ді. Кадрлар тұрақтамады, жақ­сы ма­ман­­дар жарытымсыз айлыққа  жұмыс іс­те­гісі келмеді. Әрине, оларды да түсі­­ну­ге болады, от­басын асырау керек. – Бүгінгі жағдайларыңыз қалай? – Кетеуі кеткен шаруаны жү­йеге түсіру оңайға түскен жоқ. Дегенмен, ұжымның күш-жігерін бір арнаға бағыттау арқылы көп істердің басы қайырылды. Ұсақ-түйек шаруа­ларды бы­лай қойғанда, 2009 жылы Ақтөбе су қоймасындағы №2 құт­қару стан­­сасы типтік жоба­да­ғы ғи­ма­рат­қа көшірілді. 2014 жы­лы ор­­­та­­лық құтқару станса­сы­­­ның тип­­тік жобадағы осы за­­ман­­­ғы кешені пайдалануға бе­ріл­­ді. Қазір меке­ме­де 28 авто­­­­­көлік, оның ішінде, боран­да да, лайсаң батпақ­та да тоқ­та­май­­­тын «Трэкол» маши­на­л­ары бар. Сүңгуірлерге қа­жет­­ті құ­рал-жабдықтармен жарақ­­тан­­дырылған шағын авто­бус та өз иелігімізде. Әр сүң­гуір өзі­нің жеке  жазғы және қысқы ар­наулы киім­мен қам­тамасыз етіл­ген. 32 суда жүзу құралдары, әр түрлі көлемдегі қайықтар бар. Жалпы, құтқару отрядында 70 адам болса, оның 40-ы таза сүң­гуірлер болып табылады. Ола­р­дың барлығы Алматы мен Минск қалаларындағы  курстарда ар­найы даярлықтан өтке­н маман­дар. Сондай-ақ, кезекші диспет­чер­лік қызмет бөлмесінде шағын баспахана, компьютерлер, жеке жеңіл радиостанса жұмыс істейді. Бұл бөлімді тәжірибелі маман Оксана Кичигина басқарады. Біз суға кетудің, төтенше жағдайға тап болудың алдын алу шаралары­на көп көңіл бөлеміз. Сондық­тан, ақпараттық, үгіт-насихаттық материалдарын осында дайын­дауға мүмкіндік мол. – Құтқару жұмыстарының нақ­ты нә­ти­жесіне тоқтала кетсеңіз. – Мекеменің жақсы материал­дық-техникалық базасы, қыз­метке дайындығы жоғары маман­дарды іріктеп алуы өз нәти­жесін беруде. Алысқа бар­май-ақ, өткен жылы  отряд құтқару­шыларының 519 жедел шақыруларға барғанын, 332 адамды құтқарғанын, оларға ме­ди­циналық және психо­ло­гия­лық көмек көрсетілгенін айтсақ та жеткілікті болар. Жол-көлік оқиғаларына және тұр­мыстық сипаттағы төтенше жағдайларға шақырулар кезінде 226 адам құтқарылды, олардың 102-сі балалар. Бұдан басқа 5 адамның өзіне өзі қол салуының алдын алуға, 62 адамды қауіпсіз жерге шығаруға көмектестік. Өткен қыс өте ауыр болды. Жолда тұрып қалған 300 «Фура» автокөлігінің жүргізушілерін қар тұтқынынан алып шықтық. Ақ­пан айында Қарғалы ауда­нында боранда адасқан шопанды ажал аузынан алып қалсақ, Хромтау ауданы, Көктау ауылындағы 7 жасар ауру баланы емханаға жеткіздік. Мұның өзі де бұл бағыттағы атқарылған шаруалардың бір парасы ғана. Әңгімелескен Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан»  Ақтөбе облысы