• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
18 Қазан, 2016

Курчатовта әлем ғалымдары бас қосты

347 рет
көрсетілді

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жабу туралы Жар­лыққа  қол қойған күніне 25 жыл толып отыр. Осыған орай Курчатов қаласындағы Ұлт­тық ядролық орталықта «Семей сынақ полигоны, радиациялық мұра және да­му перспективасы» атты VII халықаралық конференция өтті. Жиынға әлемнің 16 елі­нен жетекші ғалымдар мен ма­мандар қатысты, оның ішінде Ресей, АҚШ, Жа­по­ния, Қытай, Беларусь ел­дерінің атом саласының өкілдері бар. Ғалымдар конференция жұмысының үш күнінде ядролық сынақтар мен апаттар орнын қоса алғанда, түрлі радиациялық-қауіпті нысандардың радио­экологиялық жай-күйінің мәсе­лелерін, өнеркәсіптегі және медицинадағы радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты ғылыми пробле­маларды қарастырды. Кон­ференцияның ашылу сал­танатында  Курчатов қа­ла­сының әкімі Нұрбол Нұр­ғалиев Шығыс Қазақстан об­­лысының әкімі  Даниял Ах­­метовтің конференцияға қа­ты­­­сушыларға үндеуін оқып берді. – Семей полигоны 40 жыл бойы елге қауіп-қатер әкеліп, жарылыстар ұзақ уақыт бойы жасалды, – деді ҰЯО бас директоры Эрлан Батырбеков өз баян­дамасында. – Ең бірінші қол­ға алынып, әлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан жобаның бірі – Елбасының тапсырмасымен ядролық атом қаруын таратпау және мүл­де қолданбау, осыған орай ор­талық ғалымдары жұмыс істеуді жалғастыра беретін болады.  Мемлекет басшысының 1992 жылғы 15 мамырдағы Жар­лығымен полигонды жапқаннан кейін бірден Се­мей сынақ полигоны  кешені мен Қазақстан аумағында орналасқан тиісті ғылыми ұй­ымдар мен нысандар базасында Ұлттық ядролық орталық құрылды. Полигонда орталықты құ­румен атом энер­гетикасы, радиоэкология саласындағы аса күрделі жаңа міндеттер шешіле бастады. Елбасымыздың тарихи Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылып, оның орнына Ұлттық ядролық орталық ашылғаннан кейін, мұнда бейбіт атом дамып, шет­елдік әріптестермен қа­рым-қатынастар дами бас­тады. Қазақстан-Жапон ын­тымақтастығының атом энер­гетикасы саласындағы бір­лескен бағдарламалар бойынша атомдық-энергетикалық реактор қондырғыларының қауіпсіздігіне орай жоғары температурада газбен сал­қындатылатын реакторлар технологияларын дамытумен қатар, басқа да күрделі экс­перименттік зерттеулер орын­далды. Ынтымақтастық нә­тижесінде атом энерге­ти­­касының қауіпсіздігі сала­сындағы ғылыми зерттеулер базасы жетілдіріліп, жаңа эксперименттік қондырғылар мен құрылғылар әзірленді, күрделі ізденістер жүргізу тәжірибесі бар білікті ғы­лыми және техникалық кадр­­лар артты. Атом саласы мен ғылымдағы кадрлық әлеует­ті сақтау және дамыту мәселелеріне айрықша кө­ңіл бөлініп отыр. Әртүрлі бағ­дарламалар аясында та­ғылымдамалар мен курстар ұйымдастырылып, семинарлар өткізілуде. Кадрлық әлеуетті даярлау да дұрыс жол­ға қойылған. Конференцияда түрлі ел­дерден келген ғалымдар «Ра­диоактивті ластанған ау­мақ­тарды оңалту және жер­лерді шаруашылық айналымына беру», «Ядролық сынақтар жүргізілген жер­лердегі қазіргі радио­эко­логиялық ахуал, оның да­му қарқыны мен болжамы», «Түрлі экожүйелердегі радионуклидтердің жылыс­тау ерекшелігі», «Эколо­гиялық зерттеулердегі радио­аналитикалық әдістер» тақы­рыбында баяндамалар жасады. Сондай-ақ, конференция­да, «Бұрынғы Семей сынақ полигонын қауіпсіз күйге келтіру бойынша ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін жүргізу» атты 3 томдық монографиялық кітаптың тұсауы кесілді. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ