Тәуелсіздігіміздің толағай сұлбасы зор тұлғасымен жақыннан көрінген (әрине, көре білетін көкірек көзі барларға) тоқсаныншы жылдардың басы болса керек. Сол тұстағы Алматы облысының басшысы жыр алыбы Жамбыл ауылына бара қалыпты. Елмен жүздесіпті, халықтың тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын өз ауыздарынан естімекке ниет білдіріпті.
Сонда сол ауылдың, сол ауылдың ғана емес-ау, жалпы қазақтың келіні болған, қазірде анасына айналған атақты ақын Надежда Лушникова: «Ықыласыңызға рахмет! Біз ешнәрсеге зәру емеспіз. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк. Тұрмысымыз жақсы. Тек рухани азық жағы тапшылау болып тұр», деп көптің тілегін жеткізеді. Осыны айтуы мұң екен, облыс басшысы дереу қасындағы көмекшісіне, аудан басшыларына қарата: «Естідіңіздер ғой, рухани азық аз дейді. Ертеңнен қалдырмай жеміс-жидек, қияр, қызанақ, көкөністің түр-түрін келтіріңдер осында. Рухани азыққа таршылық болмасын», деп тарпаң тапсырма беріпті.
Жиылған жұрт салдары суға кетіп бір-біріне қарайды. Надежда жеңгеміз қазақ тіліндегі газет-журналдардың, кітаптардың уақтылы жеткізіліп тұруын сұрамақшы болған ғой. Ұлттық рухты көтеру жайын айтпақшы болған ғой. Рухани азықты көкөніспен шатастырған рухсыз басшымен әңгімені әрі қарай созуды қажет деп таппапты.
Осыған ұқсас тағы бір сорақылық сәл ілгеріде Көкшетауда болған-ды. Облыс орталығындағы көшеге белгілі әдебиет зерттеуші ғалым, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаушылардың бірі, филология ғылымдарының докторы, осы өңірдің төл перзенті Есмағанбет Ысмайыловтың есімін беру туралы мәселе қаралып жатады. Сонда облатком төрағасының бір орынбасары «Товарищи, а кто такой Есмаганбет Исмаилов? Я например, о нем слышу впервые, я сам, например, его не знаю», деп реплика тастап, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалымның еңбегіне, есімін қастерлеу үшін лайықтылығына күмән келтірген, ал өзінің білімсіздігіне беті де бүлк етпеген. Қазақ әріптесі осылай қыжыртып айтып тұрған соң орыс ағайындарға не кінә тағарсың? Атқару комитеті: «облатком орынбасары білмесе не шара, мәселе ашық күйінде қала тұрсын» деп, ұлтқа қызмет еткен ақжолтай аруақты разы қылудың орнына, осы маңызды істің шешуін ұзын арқан, кең тұсауға салып, ұзақ сонарға қалдырғаны да бармақ тістеткен үлкен өкініштеріміздің біріне айналған-ды.
Иә, әр жерде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ұлт руханиятының түрлі тағдырын бір-ақ ауыз репликамен кесіп тастайтын аузы уәлі білгірі саналып жаңағы шенеунік сияқты ұлттық рухтан жұрдай адамдар отырса, көсегеміздің көгеретіндігіне күмәніміз көбірек болары сөзсіз. Осы рухсыздықтан сол Көкшетауда осыдан қырық жылдың арысында болашақ Елбасын көреген әулиелікпен тұңғыш жырға қосқан үлкен ақын, өмірбақи «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен») газетінің тілшісі болып өткен Еркеш Ибраһимнің есімі қастерлену былай тұрсын, мүлдем еленбей ұмыт қалдырылып келеді. Қазақ әдебиетінің классиктері Жақан Сыздықов, Сәкен Жүнісовке деген тағзым-құрметтің де жайы қынжылдырады. Сөйтіп, рухсыздық ұлттық құндылықтарымызды, үлкен тұлғаларымызды сыйламауға, олардың тағылымын кейінгі жас ұрпаққа үйретпеуге әкеліп соғуда.
Біздің айтпағымыз, бүгінгі жаһандық кеңістікте қазақ әуелі өзінің қазақ екендігімен, қаншама халықтарды төңірегіне топтастырып Қазақстан мемлекетін құрып отыруымен қадірлі. Басқалар осынау мемлекет құраушы халықтың ұлттық мінезін, бітім-болмысының даралығын көргісі келеді. Бұл арада, тіпті, түріңнің де, тіліңнің де, киіміңнің де емес, ең бастысы, діліңнің қазақ болуы маңызды дер едік. Ол үшін бүкіл жан дүниең, туабітті болмысың, сана-сезімің, жұлын-жүйкең қара тырнағыңа дейін ұлттық мінезбен нәрленбегі ләзім. Осыған орайластыра айтсақ, әрбір халықтың өзіне тән ұлттық мінезі, рухани дүниесінің ерекшелігі, ұлттық қасиет-келбеті болады. Ұлттық мінез – ұлттық бренд. Жаһанданамыз деп жүріп жаннан айырылуға болмас. Әлем жапондардың ізетшілдігін, немістердің дәлдігін, шешендердің ержүректігін бағалайды. Ұлттықты даралайтын, танытатын ерекше рух, ұлттық мінез орыстарда да, грузиндерде де, өзбектерде де, қырғыз бауырларда да, біздің қазақта да бар. Дана Абай кезінде «тура тілді кісіні дейміз орыс», деп орыстардың жалпыұлттық бір қырын көрсеткен-тін. Исі қазаққа бүгінде шаң берген тікбақайлық, тасбауырлық, дарақылық жат болған. Бір жаманы, жалқаулық, жайбарақаттық, әрекетсіздік, марғаулық бүтін халықтың дағдысына айналып кете жаздаған шақтар да болған. Осыған күйінген Абай өзінің ғақлия қара сөздерінде орыстың, татардың, өзбектің кент салғыштық, саудагерлік, өнер-білім қуатын жақсы ұлттық қасиеттерін надандықпен әурешілік санап, күле қараған қандастарын қатты шенеп, қайта ондай ғибраттарды тұтас ұлт болып үлгі тұтуға, ол өнерлерді ұлттық қасиет-мінезге айналдыруға шақырып еді.
Шүкір, қазақтар айдай әлемге мәшһүр қала да салды, сауданы да қыздыруда, өнер-білімге де ұмтылып жатыр. Бұл – рухтылықтың белгісі. Иә, әрбір ұлттың өз рухы, әрбір рухтың өз ұлты болмақ керек. Адам бойындағы рухтың ұлты – ұлттық мінез, соның даралығы. Сол болса, жоғарыда айтқандай, ұлттық құндылықтар, ұлттың ұлы тұлғалары жетімсіремейді, рухани азықты ешкім көкөніспен шатастырмайды. Қорасанға қой айтып, шыбын жанды және айтып Алладан сұрайтынымыз: рухымыздың ұлты қазақ болсын дейік. Алдағы ЭКСПО-2017-де сегіз қиыр шартараптан келген меймандарға өзімізді рухы күшті ұлт ретінде көрсетейік.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»