Кеше Орал қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ауыл шаруашылығы министрліктерінің бірлескен алқа мәжілісі өткізілді. Онда кедендік одақ жағдайында ауыл шаруашылығы секторындағы интеграциялық үрдісті дамыту, ветеринарлық қызмет пен ветеринарлық бақылау жүйесін жақсарту және аталған кедендік одаққа кіретін мемлекеттер арасында ет өндірісін оң жолға қою мәселелері талқыланды.
Алқа мәжілісінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев алдын ала ойластырылған бұл алқалы басқосу Кедендік одақтың бірінші кезеңінің қорытындыларына арналып отырғанын айтты. Әрі бұл басқосу екі елдің аграрлық ведомостволары алдында тұрған міндеттерді бірлесіп шешуге тиісті ықпал жасай алатынын жеткізді.
Өз кезегінде қазақстандық әріптесінің ой-пікірін жалғастырған Ресей Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов Кедендік одақ жүйесі биылғы 2011 жылдың 1 шілдесінен өзінің толық форматына көшетіні туралы айтып, бұл істе қазірге дейін түбегейлі шешімін таба алмай келген мәселелерді осы жолы біржолата реттеп алуды ұсынды.
– Қазір бүкіл әлемде азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбы дүркін-дүркін көтеріліп жүр, – деді бұдан әрі Игорь Иванович. – Кедендік одақ құрамына кірген елдер, соның ішінде ежелден өзара байланыстары тарихи тұрғыдан дамып қалыптасып келген Ресей мен Қазақстан бұл мәселені бірлесіп шешуге қабілетті деп ойлаймын. Бұл екі көршілес ел әсіресе астық пен ет өндіруде әлемдегі ірі жабдықтаушылар болып табылады. Сапалы өнім өндіруге қол жеткізудің басты кілті – үздік әлемдік стандарттар мен бүгінгі заманғы технология. Міне, осындай интеграциялық талаптар үрдісінде біз бір-бірімізді қолдау тетіктерін қалай орнықтыра аламыз? – деп сауал тастады И.И.Шувалов.
Бұдан әрі басқосуда бұл сауалға жауап ретінде – оның басты жолы бірыңғай корпоративтік және ақпараттық жүйені енгізу екендігі айтылды. Бұл екеуі жетіспеген жағдайда алда тұрған ортақ мәселелер де түбегейлі шешімін таба алмас еді. Алқа мәжілісінде жасалған бір түйін осындай. Жиында айтылғандай екі ел арасында ақпараттар алмасудың бірыңғай ережелер жүйесі бекітілмеген. Бұл ортақ іске кедергі келтіріп, қолбайлау туғызады. Сондықтан да екі жақты тиімді ақпараттық жүйенің орнығуы үшін көрші мемлекеттердің өкілетті ведомостволары қысқа уақыттың ішінде барлық мүмкіндікті пайдаланып бұл істі аяғына дейін жеткізуге тиіс.
Мәжілісте Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлері Елена Скрынник пен Ақылбек Күрішбаев мал шаруашылығы мен ветеринарлық қызметті жақсарту, бұл бағыттағы өзара байланыстарды дамыту жөніндегі өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Алқа мәжілісінде ресейліктер «ҚазАгро» АҚ басқармасының төрағасы Асылжан Мамытбековтің сапалы ет өндірісі, әрі оны экспортқа шығару жөніндегі қазақстандықтардың тәжірибесіне мүдделілікпен құлақ түрді. Сондай-ақ көршілерді Батыс Қазақстан облысындағы 8640 бас ірі қараны бордақылауға арналған ет өндіру кешені тәжірибесі де қызықтырғаны анық байқалды. Мұның басты артықшылығы шығынды барынша аз жұмсау арқылы – сапалы әрі бағасы имантаразы өнім өндіруге бағыт ұсталуында. Мұнда негізгі шығындар генетикалық қорды жақсарту мен жемшөптік базаны жетілдіруге жұмсалмақ. Қазақстанда мұндай жоғары технологиямен жұмыс жасауға лайықталған кешендер өндірісі он саусақтың санына тең, – деп атап көрсетті Асылжан Сарыбайұлы.
Ресей мен Қазақстан ауыл шаруашылығы министрліктерінің бірлескен алқа мәжілісінде талқыланған мәселелерге орай тиісті шешім қабылданды.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.