• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Қазан, 2016

«Бір бизнес бастасам деп едім...»

370 рет
көрсетілді

немесе шалғайдағы шағын кәсіпкерлікті қолдаудың қайтарымы қандай? Бүгінде несиенің де түр-түрі бар. Шауып барып ала қоятын тұрмыстық техника, смартфон секілді заттарға берілетін қарыз ақша басқа да, ипотеканың жайы бір бөлек. Қолма-қол қаржың жоқ кезде барып ала қоятын уыс-уыс көк қағаздың жайы белгілі болып қалды. Сонымен арзан несиені қалай алуға болады? Кәсіпкерлердің жүгін жеңілдететін қандай бағдарламалар дайындалды? Қаржылық сауаты аз кәсіп бастаушыларға қандай сүйемелдеу бар екендігі туралы мүдделі сұрақтарды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Қаныш ТУЛЕУШИНГЕ қойған едік. – Қаныш Амантайұлы, сіз өз сөзіңізде үнемі «Қор несиені арзан­датуды көздейді» деп жата­сыз. Бірақ қазіргідей қысыл­таяң жағдайда бұл мүмкін бе? – Бүгінгі таңның нақты ақи­қаты – «Бәйтерек» Ұлттық бас­қару­шы холдингі мен «Даму» қоры дайындап, жүргізіп отырған көп жұмыстардың арқасында 8,5 пайыздық несие нағыз мүмкіндікке айналды. Біздің қордың өңірлерге жасаған іссапарлары кезінде өз тір­лігін бастағысы келетін кәсіп­керлермен көп кездесулер өткізіп жүрміз. Арғы-бергіден сыр тарту барысында түйгеніміз – бизнес бастауға, кәсіпті дөңгелетіп кетуге ынта мол болғанмен, қолды байлайтын баяғы себеп қаржы болып шығады. Сөзімізді сандармен тұздық­тар болсақ, 2015 жылы несие нары­ғындағы орташа мөлшерлеме 14,3 пайыз болса, 2016 жылғы қаңтар айында 20,7 пайызға жетті. Ал осы жылдың ақпан айында 16,6 па­йыз, наурызға қарай 16,3 пайызды құра­ды. Пайыз доллар мен теңге, рубль құнының қатарласа келіп, теңгенің тұрақтағанына бай­ланысты төмендеді. Оның үстіне осы уақытта ұлттық валютада депо­зиттер артты. Алайда, бұл да аса қолайлы жағдай емес еді. Мысалы, 2015 жылы өңдеу өнер­кәсібі саласындағы несиелердің орта­ша мөлшерлемесі 16,3 пайыз­ға теңеліп, 2016 жылдың қаң­тарында 29,3 пайыз, ақпанда 18,9 па­йыз, наурызда 17,9 пайызға барды. Мұндай пайызбен бері­ле­тін несие кәсіпкерлер үшін «көтере алмайтын шоқпар». Сондықтан да, біз өңірлердегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін шамамен 24 мил­лиард теңге бөлуді ұйғардық. Бұл – әр өңірдің өз ерекшелігін ескеретін мақсатты несиелер. Мы­салы, Ақтөбе облысында ауыл­да іс бастайтын кәсіпкерлер мен стар­тап жобаны қолға алған жас­тарға басымдық беріледі. Ең бас­ты­сы, негізгі басымдық алыс аудан, ауылдардағы кәсіпкерлерге бері­леді. Бұл несиелердің орташа мөл­шер­лемесі 8,5 пайызды құрайды. – Несиенің арзандығын уақыт тапшылығы жуып-ша­йып кетпей ме? Құбылып жат­қан нарық. Кәсіпкерлердің шашын ағартатын тағы бір жай – банктердің өтінімді ұзақ қарастыруы. Несие өтінімін қарастыру мерзімін қысқартуда қандай да бір әрекеттер қолға алдыңыздар ма? – Сұрағыңыз орынды. Бұл кәсіп­керлер үшін өте өзекті дер едім. Кейде 2-3 айлап банк ше­шімін күтетін жағдайлар болады. Осы уақыт ішінде екі ортада шапқылаумен шаршайды. Банк сұраған құжаттарды біртіндеп тасумен-ақ сілесі қатады. Осын­шама сүрлігудің соңында қолына қаржы тисе жақсы ғой. Сөйтіп, кәсіпкер алтын уақытын сарп етіп, талай мүмкіндіктен қағылады. Тіпті, сол қаржының қажеті де шамалы болып қалатыны жасы­рын емес. Сондықтан да, осы ол­қылықтың орнын толтыру мақ­сатында «Даму» қоры «Даму-Блиц» технологиясын жасаған. Осы «Даму-Блиц» кәсіпкерлер­дің 3-7 күн ішінде жылдам несие алуына жағдай жасайды. Бұл бағдарлама бойынша несие­нің 3 түрі бар – 3 миллион теңгеге дейін, 30 миллион теңгеге дейін, 20 миллион теңгеге дейінгі. Соның арқасында қазір бизнес-процес­тер жеделдетілді деуге болады. Біз бұл технологияны жасарда 90-шы жылдардың соңында микробизнесті несиелеген Еуропа қайта құру және даму банкінің тәжірибесін негізге алдық. – Банктердегі қағазбас­ты­лық – бітпейтін жыр. Іс бастағысы келетін талай адам осыны қиямет-қайым көреді. Кәсіпкерлердің шағымының тізімін дәл осы қағазбен бас қатыру бастап тұратыны жасырын емес. Бұл бағытта қордың ойластырған амалы бар ма? – Биылғы көктемнен бастап bpm’online ақпараттық жүйесін іске қостық. Бұл – ел үшін тарихи сәт деуге болады. Себебі, бұған дейін Egov порталы арқылы халық тек анықтама, құжаттар ғана алып келген еді. Ал бұл жүйе – тұңғыш қаржылық қызмет. Осы­ның арқасында кепілдеме алу үшін өтінімді Электронды үкі­мет» арқылы беріп, 5 күн ішінде жауап алуға мүмкіндік бар. Портал арқылы өтінім берген клиент өзінің жеке мәліметтерінің тексерілуіне сол заматта келісімін береді. Сөйтіп, автоматты түрде мем­­ле­кеттік базалардағы мәлімет­тер жинақтала бастайды. Egov арқылы өтінім біздің bpm’online жүйемізге келіп түседі. Клиент таң­даған астаналық менед­жер­лері­міздің бірі жобаның құжат­тарын банктен сұраттырып, бас кеңсеге қарастыруға жөнелтеді. Осы уақыттың ішінде клиенттің Egov-тағы жеке кабинетіне «Сіз­дің өтініміңіз келіп түсті», «Сіз­дің жобаңыз қорда қара­лып жатыр» деген тәрізді хабар­ла­­ма­лар түсіп отырады. Яғни, бар­­лық әрекет жариялы. Несие ко­ми­тетінің мүшелері бас қос­ып, уақыт шығындап жиын жа­са­май-ақ, өз жұмыс орнын­да отырып жобаны қарап оң немесе теріс деген бағасын беріп жібереді. Барлығы бірауыздан оң шешім қабылдаса, хаттаманың электронды түрі жасалады. Оған қол қойғаннан соң клиент өтінім­нің мақұлданғаны жайында хабар­лама алады. Жүйе автоматты түр­де комитет хаттамасының негі­зінде кепілдеме хатын құрып, менеджер оны банкке жөнел­теді. Межелі 5 күн ішінде қор ше­шім шығарып береді. Бұл бағдарламаның нәтижесін айтар болсам, 42 өті­нім келіп түссе, оның 35-і қаралып, ма­құлданған. –  «Даму» қоры ылғи да жаңа ба­ғ­дарлама­лар жай­лы мәлімдеп жат­­қаны. Олардың алыс елді мекен­дер­дегі елге тиімділігі бар ма? – Қор биылғы жы­лы іс­ке қосқан жаңа бағ­дарлама­лары­ның бірі – Мик­ро­қар­жылық ұйым­дарды қар­жы­­ландыру бағ­дарламасы. Алыс аудандар мен ауыл­дар­дағы шағын кәсіп­керлікті жылдам қаржыландыру мақ­сатын көз­дейді. Яғни, «Даму» қоры жедел әре­­кет ететін мик­­ро­қаржы ұйым­­­дарына ақша аударады, олар өз кезегінде шалғайдағы мик­ро­­бизнесті әуре-сарсаңсыз қар­жы­­ландырады.Талаптарына тоқталар болсақ, салалық шектеу жоқ, 60 айға дейін. Оның ішінде жеңілдікті уақыт 6 айды құрайды. 8000 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін беріледі. Қазіргі уақытта қор 100 миллион теңгеге «Арнұр-Кредит» ЖШС, «KMF» ЖШС 250 миллион теңгеге, «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» ЖШС арасында 150 миллион теңге­ге келісім жасалған. Ал екінші – факторинг құралы. Бұл – алдын ала тапсырыспен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін өте қолайлы бағдарлама. Яғни, бұйым тапсырыс берушінің қолы­на тиіп, қаржы аударылғанша қа­жет­ті өндірістік шығындарға 2-2,5 пайызбен, 36 айға дейін, 150 миллион теңгеден аспайтын сомаға несие беріледі. Бұл – кәсіпкердің айналымында қаржы үнемі болады деген сөз. Үшінші – франшизаны қаржы­ландыру. Кәсіпкердің нарықта өз аты мен орны бар дайын бизнес үлгіні сатып алып, жүзеге асыруына берілетін мүмкіндік. Осы мақсатта қор 80 миллионға дейінгі соманы 7 жылға дейін береді. Бұл да – өте қолайлы мүмкіндік. Ал Даму-Оптима бағдар­ла­масы бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы­н­а кірмейтін, сауда, қоғамдық тамақтандыру орындары, қыз­мет көрсету секілді салалардағы кәсіп­­керлер үшін 80 миллион тең­геге дейін несие беріледі. Банк­­ке кепілзат жетпеген жағ­дайда «Даму» қоры өз кепілде­ме­сін ұсынады. Бизнесі бар кәсіп­керлерге несиенің 50 пайызына кепілдеме берілсе, франшиза бо­йынша іс бастағысы келгендерге кепілдік құны 20 миллион теңгеге дейін болады. Бұл жаңа бағдарламалардың сыртында, Қордың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несиені субсидиялау және кепілдендіру бағдарламалары бар екенін білесіз. – Бүкіл әңгіме барысында шағын және орта кәсіп­кер­лікті қолдау туралы ай­тып-ақ отырмыз. Бұл қашан өтеледі? Атқарылып жат­қан жұмыс­тардың нақты эконо­ми­каға қайтарымы қандай? – Бағдарлама қолға алынға­лы бері «Бизнестің жол карта­сы-2020» бағдарламасы аясында қолдау алған компаниялар 5,8 триллион теңгенің өнімін шы­ғарып, 510,8 миллиард теңге­нің салығын төлеген. Осы уақыт аралығында 222,9 мың жұмыс орны сақталып, шамамен 67,4 мың жұмыс орны ашылды. Ендеше, кәсіпкерлікті қолдау­дан, жастарды кәсіпке тартудан ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Ең бастысы, біз қазақстандықтарға өз ісін бастауға нақты демеу бола­мыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен, Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар