• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
19 Қазан, 2016

Ислам ұлттық дәстүрді ұлықтайды

365 рет
көрсетілді

Ислам дінінің адамзат өміріндегі орны ерекше. Әлемді ізгілікке үндеп, ілгері ниет, ілкімді ойға жетелер осынау дініміздің қадір-қасиетін ұғып, оны лайықты тұтынар жамағаттың қатары қалың. Десек те кейбір келеңсіз әрекеттердің кесірінен Исламға орынсыз күйе жағылып, кінә тағылып жататыны бар. Осы орайда біз ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай ӨТПЕНОВКЕ жолығып, сауалдар қойған едік. – Ислам дінінің қоғамымызды са­уық­тырудағы рөлі жөнінде не айтасыз? – Қай заманда да Ислам дінінің қо­ғамға ықпалы, оның орны мен мән-ма­ңы­зы жоғары болды деп айта аламыз. Бұған – тарих куә. Бүгінгі ғылыми жетіс­тік­тердің толысып, піскен, өсіп-өркен­деген кезеңі Ислам өркениетіне, мұсыл­ман халқынан шыққан ғалымдарға тиесілі. Қазақтың таным-түсінігімен үйлесім тапқан Ислам дінінің ұлы даламызда өрісін кеңейтуіне еңбек сіңірген, абы­рой-беделі асқан дін ғұламалары мен қай­раткерлері аз болмаған. Кешегі өткен осы дін қайраткерлері, имам-молдалар ха­­лық­ты жақсылыққа үндеп, ізгі қоғам қа­лып­тастыруда үлкен рөл атқарғаны белгілі. Аллаға сансыз шүкірлік айтамыз, бізге тәуелсіздік ең үлкен нығмет болып оралды. Тәуелсіздігімізбен бірге ата дін, баба салтымен қайта қауыштық. Тарихта имам-молдалардың қоғамдық іс-шараларда, ел басқару істерінде белсенді қызмет ет­кенін білесіздер. Имам – қашанда қалың бұқараны бірлікке ұйытып, имандылыққа шақырушы тұлға. Қазіргі қоғамда имамдарды халық құдайы ас, діни рәсімдердің басы-қасынан ғана емес, алуан түрлі маңызды мәдени іс-шаралардан, ғылыми кеңістіктерден де жиі көреді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміз зайырлы қоғам қағидаттарын басшылыққа алғанымен, діннің қоғамнан бөлінбейтінін әрдайым айтып келеді. Қоғам болған соң, сан түрлі мәселелер туындайды. Осы орайда имамдар ме­шіт­терде, қоғамдық орындарда және бұқа­ралық ақпарат құралдары арқылы дәс­түрлі дінімізді басшылыққа ала отырып, ақыл-кеңес, ұсыныстарын айтудан жалыққан емес. Қазір көп жастар құ­былаға жүз бұрып, сәждеге жығылып жа­тыр, бұл, әлбетте, қуанышты жайт. Өйткені, иманды жас отаншыл, тәрбиелі, білімге құштар болып қалыптасады. Бұл ретте жастардың дұрыс бағыт тауып, дәстүрлі дініміз, яғни Матуриди ақидасы, Әбу Ханифа мәзһабы бойынша білім алуында имамдар үлкен міндет атқарады. Сонымен қатар, имандылық, Отанды сүю, ата-ананы құрметтеу сынды жалпы адами құндылықтарды насихаттау да маңыз­ды деп ойлаймын. – Бүгінгі таңда асыл дініміздің атына кір келтіретін түрлі жағымсыз әре­кет­тер жиі орын алуда. Мұның соңы неге апарып соқтыруы мүмкін? – Иә, расында, әлемде және елі­мізде орын алған осындай жайттар біз­ді қатты қынжылтады. Жалпы, дін ұғы­мы адамгершілікке, игілік пен құндылықтарға негізделеді. Ал Ислам, түпкі мәнінде айтылып тұрғанындай, бей­бітшілікті ту еткен дін ғой. Бұл турасын­да Алланың сөзі Құран аяттарынан, ар­дақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өсиеттерінен сан мың мысал, айқын дәлелдер келтіруге болады. Баршамыздың есімізде болар, экстремизм мен терроризм әрекеттері әлемді шарпи бастаған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев террористік әрекеттерді бей­бітшіл Ислам дініне телімеу керектігін ашық айтқан еді. Біздің де айтарымыз, діннен терроризмді, терроризмнен дінді іздеп қажет емес. Әлемдік мұсылман қауымдастықтары бірауыздан мұндай зорлық-зомбылық әрекеттерінің кез келгенін қатаң айыптап, мәлімдеме жасады. Өз кезегінде бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жетекшілігіндегі Қазақстан мұ­сылмандары діни басқармасы, барша ел имамдары қоғамға қауіп төндіретін, ел­дің тыныштығын бұзып, іріткі салатын, дінді бетперде ететін барлық құбы­лыс­тарға қарсылық танытады және жас­тар­ды, жалпы халықты ата дін, салт-дәс­түрі­мізге жат ағым идеологиясынан сақ­тандыру жұмыстарын одан әрі күшей­теді. Бұл орайда қоғамның басты мәсе­ле­сіне байланысты әлеуметтік ортаға жүк­телер міндет те біртарапты емес, жан-жақты жүргізілуі керектігін айта кетуіміз керек. Жастарды жат ағымнан сақ­тау мақсатында мешіт мінберлерінде имам­дар мен дін қызметкерлері тарапынан уа­ғыз-насихат жұмыстары белсенді жүргі­зіледі. Мемлекетіміз де мұндай зиян­ды ағымдарға заң тұрғысынан тыйым салып, қарқынды қызмет етуде. Жат ағым құрығына ой-санасы бекіп, ақыл тоқтатып үлгермеген жастар жиі ілігетіндіктен, ата-аналар балаларының діни біліміне үлкен жауапкершілікпен қарап, бағыт-бағдар берсе, қажет жағ­дайда және кез келген уақытта дін мамандарына жолығып, келеңсіздіктің алдын алуға ұмтылса жөн болар еді. Жалпы, бұл мәселеде бүтін қоғам болып жұмылуымыз керек деп ойлаймын. – Жат ағымның жетегінде жүрген жастарымызды дәстүрлі дінімізге бұру бағытында нендей нақты шаралар қолға алынып жатыр? – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз құзыреті шеңберінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес, Матуриди ақи­дасы, Ханафи мәзһабы негізінде қызмет етеді. Діни басқарма ел рухания­тын кө­теру, халықтың дәстүрлі діни сауатын арттыру мақсатында бірқатар ауқым­ды бағдарламаларды, жүйелі жоба­ларды қолға алып келеді. Төл мәде­ниетімізді жаңғыртып, дәстүрлі жолы­мызды жұртшылыққа жеткізу үшін бір­неше жылды қатарынан «Дін мен дәстүр жылы» деп жариялап, осы кезеңде дәстүрімізді ұлықтап, діні­міз­ді дәріптеген оңды шараларды өткізді. Биыл­ғы жылды «Дін және тарих тағылы­мы жылы» деп жариялауының да мәні ерекше болып отыр. Біз өткенімізге көз салмай, тарихымызды танымай, болашаққа нық қадам жасай алмайтынымыз белгілі. Осы се­бепті біздің ата дініміз, салт-санамыз, мә­дениетіміз қандай болған, оның тарихи сабақтастығы қандай болуы керек деген игі мұратпен діни басқарма еліміздің тарихына, дініміздің бастауына тереңірек үңіліп, оны халыққа насихаттауды жос­парлайды. Ал ҚМДБ жалпы өз жұмысын басты төрт бағытта: атап айтсақ, уағыз-насихат, жат ағымдармен жұмыс, діни сауат ашу және қайырымдылық істері бо­й­ынша айқындап алған. Осы бағыттарға сәйкес имамдардың жұмыстары жос­парлы һәм жүйелі түрде жүргізілуде. Біз халықты дәстүрлі діни білімді, Ислам құндылықтарын мешіттен ғана алуға, үйренуге шақырамыз. Ал діни мәселелерге байланысты туындайтын сұрақтарға діни басқармаға, мешіттерге қарасты ресми сайттар арқылы білікті мамандар жауап береді. Мешіт есігі де әрдайым жамағатқа ашық. Әр күн сайын кешкілік маңызды тақырыптар бойынша уағыз-насихаттар айтылады. Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»