Орталық коммуникациялар қызметінің кезекті брифингінде еліміздегі автокөлік нарығының қорытындылары сөз болды. «Қазақстанның «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласы кәсіпорындары одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Олег Алферов журналистермен кездесуде саладағы қаңтар-қыркүйек айларының нәтижелерін әңгімеледі. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың үш тоқсанында қазақстандықтар 569 млн доллар сомасындағы қаражатқа 30,8 мың жаңа жеңіл автокөлік сатып алған.
«2016 жылдың тоғыз айында ресми дилерлер 30 759 жеңіл және жеңіл коммерциялық көліктерді сатты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 59 пайызға төмен. Жыл басынан бері сатылған 23 568 көлік импортқа тиесілі. Бұл жалпы сатылған көліктердің 76 пайызын құрайды. Ал 7 154 сатып алушы, яғни 24 пайызы қазақстандық зауыттардың өнімін таңдаған», деді О.Алферов.
Жиын барысынан ұққанымыз, Қазақстанда сұранысқа ие көліктердің көшін «Lada» бастап тұр екен. Жыл басынан бері ел аумағында 6 086 ресейлік көліктің маркасы саудаланыпты. «Toyota» дилерлері де белсенді жұмыс істеген, олар 5 728 автомобильді пұлдап үлгерген көрінеді. Сондай-ақ, алғашқы үштікке «Renault» еніп тұр, бұл маркадан 2 925 машина сатылған екен.
Басқарма төрағасының мәліметтеріне сүйенсек, алғашқы ондыққа жоғарыдағылармен қоса «Hyundai», «KIA», «Volkswagen», «GAZ», «UAZ», «Nissan» және «Chevrolet» еніп отыр. «Модельдер арасында бірінші орында «Lada Priora» тұр. Ресейлік седанды 2 237 мың сатып алушы қалады. Сұранысқа ие модельдер ішінде «Toyota Camry», «Lada 4x4», «Renault Duster» және «Hyundai Accent» бар», деді О.Алферов.
Тағы айта кетерлігі, жеңіл автокөліктерді, әсіресе, Алматы қаласының тұрғындары көбірек сатып алған көрінеді. Олар 9281 темір тұлпардың саудасын келістірген. Одан кейінгі орында астаналықтар – 5333 көлік сатып алған, Атырау қаласында 2234 машина пұлданса, Өскеменде – 1656, Қарағандыда 1623 көлік сатылыпты.
Брифингте басқарма төрағасы «Бипек Авто-Азия Авто» холдингінің Қазақстан нарығында ірі дилерлік топ мәртебесіне ие болғанын жеткізді. «Есеп беру кезеңінің нәтижелерін саралағанда, барлық жеңіл автокөлік сатып алушылардың 33 пайызы осы компанияның ұсыныстарына тоқтағанын байқадық. Нарықтағы сауданың 20,6 пайызы «Toyota Motors Kazakhstan» ұжымына тиесілі. Ал «Astana Motors» компаниясының үлесі 9,7 пайызды құрайды», деді Олег Алферов.
Көлік құрастыру саласындағы үш тоқсанның нәтижелерінен еліміздің аумағында 51,6 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа 8333 автокөлік құралының шығарылғанын байқаймыз. Тек қана қыркүйек айында отандық зауыттар жалпы құны 9,6 млрд теңгеге 1019 автокөлік құрастырған. Мұның қатарына жүк көліктері мен автобустар да кіреді. Ал бұл цифрларды өткен жылмен салыстырсақ, көрсеткіш едәуір артқан.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»