Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын бақылау жөніндегі миссиясының басшысы Даан Эвертсті қабылдады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында сұхбаттастар 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында ДИАҚБ-мен тиімді ынтымақтастық байланыстарда болғанын атап көрсетті.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы мейманды алдағы президенттік сайлауға дайындық барысымен таныстырып, Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес ашық, мөлдір және таза сайлау өткізуге үлкен маңыз берілетінін айтты.
Қ.Саудабаев сұхбаттасына сайлауға байқаушылар миссиясын жедел ұйымдастырғаны үшін ризашылығын жеткізіп, еліміздің Сыртқы істер министрлігі миссияның толыққанды және тиімді жұмысы үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін мәлімдеді.