Жақында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Кездесуде ресейлік және беларусьтік БАҚ өкілдері кезектен тыс президенттік сайлауды тағайындауға, ұйымдастыруға және өткізуге байланысты қолға алынып жатқан іс-шаралармен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесінің жалпы даму үдерістерімен кеңірек танысуға қазығушылық білдірді.
Ортсайлауком төрағасы шетелдік БАҚ өкілдерін Орталық сайлау комиссиясының кезектен тыс сайлауды әзірлеу және өткізу бойынша атқарып отырған жұмысымен, сайлау науқанының негізгі кезеңдерімен және 20 ақпан күні аяқталған кандидаттарды ұсыну кезеңінің қорытындыларымен таныстырды. Сондай-ақ Қуандық Тұрғанқұлов олардың сайлаудың құқықтық негіздеріне, тәуелсіз Қазақстанның сайлау жүйесінің қалыптасу тарихына, Конституция мен «Сайлау туралы» Заңның елдегі ең жоғары лауазымнан үміткерлерге қоятын талаптарына, кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге бөлінген бюджет қаражатының мөлшеріне, саяси партиялардың қызметіне, Ортсайлауком мен сайлау үдерісіне қатысушылардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекеттестігіне, сайлау үдерісінің айқындығын қамтамасыз етуге, барлық кандидаттардың БАҚ-тарға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету тетіктеріне, сайлаудың қорытындыларын шығару үдерісіне, келіп түскен арыздар мен шағымдардың санына қатысты қойған сұрақтарына жауаптар қайтарды. Және журналистерді электоралдық науқанға халықаралық байқаушылардың қатысуы, қазақстандық және халықаралық байқаушылардың құқықтары туралы хабардар етті.
Шетелдік журналистердің сауалдарына жауап бере келіп, Қ.Тұрғанқұлов сайлау науқанының басталуына орай саяси партиялардың белсенділігінің арта түскенін атап өтті. Олардың барлығы дерлік белсенді насихат жұмысын жүргізіп, өздерінің өкілдерін Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының құрамына жолдауды, сондай-ақ сайлауды байқауға қатысуды көздеп отыр. Халықаралық ұйымдардың да сайлауаралық кезеңге қарағанда белсенділігінің артып отырғаны байқалады. Олар сайлау науқаны кезеңінде әртүрлі оқыту бағдарламаларын іске асыруға және сайлаушылар үшін баспа өнімдерін таратуға ұмтылуда. Бұл «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға қайшы келеді. Ортсайлауком басшысы мұндай бағдарламаларды еліміздің сайлауды ұйымдастырушыларымен бірлесіп, тек сайлаулар аралығындағы кезеңде іске асыруға болатынын баса айтты.
Кездесуде Қ.Тұрғанқұлов журналистердің Сыртқы істер министрлігі жанында аккредиттелген журналистер ретінде сайлау науқаны барысын байқауға белсене қатысатынына сенімін білдірді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.