2016 жылдың соңынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» ұсынатын мемлекеттік қызметтер санын 792-ге дейін арттырады. Бұл туралы мәлімет Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің ресми сайтында жарияланды.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ведомствоның жауапты департаментіне 2016 жылдың соңына дейін «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы мемлекеттік қызметті электрондық түрде көрсету 60%-дан кем болмауы керектігін және жаңа 53 мемлекеттік қызметті интерацияланған жүйеге қосуды аяқтауды тапсырды.
«Қазіргі таңда бізде мемлекеттік қызметті алудың 3 негізгі арнасы бар: «Электронды үкімет» порталы; «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы; мемлекеттік қызмет көрсету сұрақтары бойынша бірыңғай байланыс орталығы. 2016 жылдың 9 айында 30 млн-нан астам электрондық қызмет көрсетілді, 17,4 мың электрондық лицензия, 433,5 мың рұқсат құжаты беріліп, 800 мыңнан астам адам тіркелді», - деді Д. Абаев министрліктің 9 айдың жұмысын қорытындылауға арналған алқа отырысында. Министр айтып өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ХҚКО, Жылжымайтын мүлік орталығы, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық, Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы секілді 4 мемлекеттік кәсіпорынды біріктіру арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылды. «Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Мемлекеттік корпорация 29 млн-нан астам қызмет көрсеткен. Бүгінде мемлекеттік қызмет тізілімінде 739 мемлекеттік қызмет түрі бар, оның 530-ын электронды үкімет порталы және Мемлекеттік корпорация арқылы алуға болады. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік қызмет алуға қатысты қажетті құжаттар мен олар берген өтініштің қай сатыда тұрғаны секілді тиісті кеңестерді алуға болатын 1414 бірыңғай нөмірі енгізілді», - деді ведомство басшысы. Сонымен қатар, министр жемқорлық қауіптері туралы да айтып өтті. Ол мысал ретінде Петропавлдағы Мемлекеттік корпорация қызметкерінің жемқорлық бойынша ұсталғанын айтты. «Осындай деректер барлығымызға да қатысты деп есептеймін. Сондықтан болашақта осындай фактілердің қайталанбауы үшін шараларды күшейтуді тапсырамын. Барлықтарыңызға жеке жауапкершілік арттырылады. Министрліктің мемлекеттік қызметті дамыту департаменті Мемлекеттік корпорациямен бірігіп 2016 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметті Мемлекеттік корпорация арқылы электрондық түрде көрсетуді 60 пайыздан кем етпей, жаңа 53 мемлекеттік қызметті интерацияланған жүйеге қосуды аяқтауы керек», - деп тапсырма берді Д. Абаев.