Кеше елордадағы М.Горький атындағы орыс драма театрында кезектен тыс президенттік сайлаудың электоралды кезеңдегі қызметінің демократиялық жолмен жүргізілуін бақылау үшін қоғам өкілдерінің бастамашылығымен құрылған комиссияның қызметімен таныстырған баспасөз мәслихаты болып өтті.
Оның жұмысын қоғамдық комиссияның тең төрағаларының бірі, «Айт-РАRК» пікірсайыс клубының төрағасы Нұрлан Ерімбетов ашып, жүргізіп отырды. Қоғамдық комиссия құрамына елімізге танымал адамдар енгізілген екен. Атап айтқанда, тағы бір тең төраға Қазақ тағамтану академиясының директоры, Қазақстан ҰҒА академигі Төрегелді Шарманов, мүшелер қатарында қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, қоғам қайраткері, жазушы Смағұл Елубай, жазушы-драматург Дулат Исабеков, сарапшы-журналистердің қоғамдық-консультативтік клубының төрағасы, белгілі журналист Ғаділбек Шалахметов, режиссер-сценарийші Игорь Вовнянко, «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым, «Украински новины» газетінің бас редакторы Тарас Чернега және т.б. бар.
Комиссия төрағасы Қазақстан азаматтарына арнаған өздерінің мәлімдемесін оқып берді. Онда: «Біздің мақсатымыз – Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды әрі қарай дамытуға күштерді біріктіру, сайламалық үрдістің әр деңгейінде қоғамдық бақылауды жүзеге асыру» делінген. Сонымен бірге, сайлаудың халықаралық және ұлттық стандарттарға сай, әділ, ашық болмағы біздің демократиялық жолмен дами түсуіміздің кепілі болып табылатыны атап көрсетілген. Сондықтан да біз президент болуға үміткерлердің бәрінің де насихаттау алаңына, БАҚ-қа теңдей қол жеткізуіне бақылау жасап, мониторинг жүргізетін боламыз. Кандидаттардың және олардың штабтарының сайлауалды іс-шараларына ерекше назар аударатын боламыз, деді баспасөз мәслихатына қатысушылар.
Комиссия мүшелері әкімшілік ресурстарды қолдану, көрсеткіштерді асыра көрсетуге тырысу, азаматтарды оқу және жұмыс уақыттарында үгіт-насихат шараларына жегу сияқты келеңсіз оқиғалардың үнемі болып тұратынына сын айтты. Біздің міндетіміз – жергілікті жердегі сайлау комиссияларының назарын осындайларға аударып, мұндай әрекеттерге жол бергізбеу, деді комиссия мүшелері.
Өздерінің кіріспе сөздерінен кейін қоғамдық комиссияның мүшелері журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде Орталық сайлау комиссиясына тіркелдіңіздер ме деген сұраққа, алдымен сіздердің алдарыңызда мәлімдеме жасап алып, сосын тіркелетін боламыз, деген жауап берілді.
Жақсыбай САМРАТ.