Қазақстан халқы Ассамблеясы – Президенттің ұжымдық әріптесі, халқымыз құруға ұмтылып отырған Болашағы біртұтас елдің моделі! Сондықтан да Ассамблея елдік мәні бар іс-шаралардың әрдайым көш басында келеді.
Солардың бірі – биыл еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып өткізілетін, Ассамблея этножурналистика саласында жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан «Шаңырақ» шығармашылық конкурсы. Уақыт өткен сайын қанатын кеңге жайып, мазмұны байып, қатысушылары көбейіп келе жатқан «Шаңырақ» шығармашылық конкурсында соңғы 5 жылдың өзінде республикалық дейгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының – 17, өңірлік деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының 25 өкілі жеңімпаз деп танылды.
Бұл конкурс еліміздің ширек ғасырлық шежіресін құрайтын жайларды, соның ішінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, қасиетті қазақ жерін мекендеген жүзден астам этностардың өзара татулығы мен барша ұлысты ұйытып отырған қазақ елінің өркендеуін жазып-көрсетуге үлес қосып келе жатқан белсенді журналистерді ынталандыруды көздейді.
Биылғы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Шаңырақ» конкурсының үздіктерін салтанатты марапаттау рәсімі 21 қазан күні сағат 15.00-де «Шабыт» ұлттық өнер университетінде өтеді.
«Егемен-ақпарат»