Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жыл сайын студенттер алдында дәріс оқуды дәстүрге айналдырып келеді. Өткен жылы ол жастар алдында «Дүниежүзілік қаржы дағдарысын еңсеру» жөнінде кеңінен әңгімелеген-ді. Кеше Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Ақпараттық дәуірдегі билік, экономика және қоғам» деген тақырыпта дәріс оқыды. Онда бұл күндері әлемнің, еліміздің Интернетпен қамтылуы оның байланыс құралы ғана емес, білім мен ғылымның жаңа белесі екендігі жайлы кеңінен әңгімеленді. Тәуелсіздіктің толымды табыстары да бұл реттегі әңгімеге арқау болды. Аталған университеттің дағдарыс жылдары жаңадан бой көтеріп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуы еліміздегі жетістіктердің көрінісі екені тілге тиек етілді.
Студенттер жиынында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры, президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың облыстағы сенім білдірілген адамы Алик Айдарбаев жиналғандарды, облыс жастарын жаңа сайттың ашылуымен құттықтады. Сөйтіп, Тәуелсіздігіміздің – 20, Маңғыстау мұнайының 50 жылдығын, басқа да игілікті іс-шараларды кеңінен насихаттайтын жаңа сайт салтанатты түрде ғаламторға қосылды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.