• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2016

Туберкулезбен күресте қандай жаңалық бар?

312 рет
көрсетілді

Әлеуметтік сипаты басым болып есептелетін туберкулез ауруы жас та, мәртебе де, топ та талғамайтынын әлем дәрігерлері бірауыздан мойындағалы дертке қарсы бірігіп күресуді тиімді санап, емдеу тәсілдерін бірге іздестіріп келеді. Осыдан он жыл бұрын ғана туберкулезге шалдыққандардың саны жағынан посткеңестік елдердің ішінде ең алдыңғы орыннан көрінген Қазақстанда бүгінгі күні 22 000 науқас есепте тұр. Өкпе дерті Орталық Азия елдері үшін ғана емес, әлем бойынша түйіні толық шешілмеген күрделі мәселе күйінде қалып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ)  мәліметіне сүйенсек, әлемде жыл сайын құрт ауруына 8,5 млн адам шалдықса, 1,3 млн науқас осы дерттен көз жұмады. Мемлекеттің қолдауымен туберкулезге қарсы шаралар кешенін сапалы жүзеге асырудың нәтижесінде соңғы он жыл ішінде Қазақстандағы сырқаттардың саны 2,2 есеге, ал өлім көрсеткіші 5 есеге азайған. Бір ғана Алматының өзінде соңғы үш жылдың ішінде 19 пайызға кеміген. Бұл деректердің барлығы туберкулезге біріктірілген бақылау жүргізуге байланысты Алматыда өткен халықаралық конференцияда мәлім болды. Туберкулез дерті бойынша әлемде тіркелген ең беделді ұйымдар мен мекемелердің белді өкілдерінің бәрін Алматыға жинаудағы мақ­сат біреу – халықаралық, қоғам­дық ұйымдармен бірге тубер­кулездің эпидемиологиялық көр­сет­кішін әлі де төмендете түсу. Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрі Тамара Дүй­сенованың модераторлығымен өткен халықаралық конференцияда, негізінен, Орталық Азия аумағындағы елдерге 2016-2035 жылдарға арналған «Еnd ТB» бағдарламасын сапалы және тиімді жүзеге асыру жолдары талқыланды. Ғаламдық қордың аймақтық менеджері Николя Кантоның айтуынша, Ғаламдық қор Қазақстандағы туберкулезге қарсы ем үшін 17,7 млн.доллар қаржы бөліп отыр. Бұл қаржы ДДҰ-ның «Туберкулезді жою» стратегиясына сәйкес туберкулезге қарсы күрес жүргізу қызметін жетілдіруге, сырқатты бастапқы кезеңде анықтауға, жаңа медициналық құрал-жабдықтар, құрылғылар, қажетті дәрілер сатып алуға жұмсалмақ. Тамара Дүйсенова Ғаламдық қордың бұл жәрдемін «Бөлінген қаржы 30 пайыздан 70 пайызға дейін аурудың алдын алуға, яғни ерте кезеңнен скрининг жүргізуге септігін тигізеді, қаржы үш жылға, 2016-2018 жылдарға бөлінген», деп түсіндірді. «Өкінішке қарай, туберкулез дертіне шалдыққан адам ауруы әбден асқынған кезде ғана дәрігерге қаралады. Қазірдің өзінде еліміздегі 88 пайыз емхана жергілікті тубдиспансермен бірігіп, өкпе сырқатын анықтау мен емдеу ісін бастап жатыр. Екін­шіден, стационарда азаматтарды ұзақ ұстау мәселесі бар. Америкалық әріптестер сырқатты стационарда ең ұзақ дегенде 4 ай ғана ұстаймыз дейді, ал біздің елімізде, жалпы ТМД елдерінде, науқастар екі жылға дейін ем қабылдайды. Осының бәрі аурудың уақтылы анықталмауынан. Сон­дық­тан сырқатты ерте бастан амбулаторлық емдеудің пайдасы зор. Елімізде әр пациентке орта есеппен 8 мың теңге жұмсалады. Жал­­пы, бюджеттен 48 млрд теңгеге дейін қар­жы бөлінеді», дейді министр. Конференцияға қатысқан ха­лық­аралық ұйымдардың беделді мамандарының ортақ пікірі – үкімет тарапынан болсын, халықаралық қоғамдық ұйымдар тарапынан болсын, бөлінген қаржыны тиімді әрі пайдалы бағытта жұмсау қа­жеттігіне сайды. Қаржы тетігі жүйелі әрі дұрыс басқарылса, тубер­кулездің себебімен емес, салдары­мен күресіп, әр аймақ өзіндік емдеу шаблонын қалыптастырса және бұл мәселеге жан-жақты біріккен күшпен жұмыла кіріссе ғана іс нәтижесін береді. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ