• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2011

Сапар аясындағы салиқалы кездесулер

393 рет
көрсетілді

Швейцарияның Женева қаласында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жоғары деңгей сегментіндегі 16-сессиясы болып өтті. Оның жұ­мы­сы­на өзінің ресми сапары аясында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Оларда ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың түрлі қырлары тал­­қыланды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы СІМ-інің баспасөз қызметі. Атап айтқанда, саяси және сауда-экономика салаларындағы ынтымақтас­тықты одан әрі нығайту мәселелері Қанат Саудабаевтың Македония, Словения, Таиланд және Чехия сыртқы саясат ведомстволары басшыларымен кездесуі барысында талқыланды. Македония Республикасының Сырт­қы істер министрі Антонио Милошоскиймен кездесу барысында ол Қазақ­станның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына және Македония Президенті қатысқан ЕҚЫҰ Астана Саммитінің ұйымдас­ты­рылуына жоғары бағасын бере отырып, өз мемлекеті басшысының Қазақстанға сапармен келу ниеті бар екенін жеткізді. Осы орайда аталған сапарды мазмұндық жағынан толықтыру, оның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастыққа қатыс­ты негізгі құжаттарды әзірлеу қажеттігі талқыға салынды. Одан кейін хал­қының 30 пайызын Ислам діні өкілдері құрай­тын Македонияның көпұлтты және көп­конфессиялы құрамы жөнінде ақпарат­тан­дыра отырып, А.Милошоский ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төраға­лы­ғының тө­зім­ділік мәселесіне көңіл бөлуінің және алдағы ИКҰ төрағалығы аясында өрке­ниет­аралық үнқатысуға қатысты басым­дылықтардың артық­шы­лығын алға тарту ісінің маңызын атап өтті. Қ.Саудабаевтың Словения Сыртқы істер министрі Самуэль Жбогармен кездесуі барысында тараптар алдыңғы жылғы Словения Президенті Данило Тюрктің Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­на ресми сапарының үлкен маңызын атай отырып, жоғары деңгейдегі екі­жақ­ты өзара ықпалдастықты әрі қарай ны­ғайту мүмкіндіктерін әңгімелеріне арқау етті. Көпжақты форматтағы ынтымақ­тас­тықты талқылай отыра, Словения министрі «Қазақстан өзінің қарқынды жұ­мысы мен ұйымның ілгері дамуына қо­сымша күш берген ЕҚЫҰ Астана Саммитін ұйымдастыруымен ЕҚЫҰ-дағы үлгілі төрағалық бейнесін көрсетті», – деп атап өтті өз сөзінде. Әңгімелесуші та­раптар, сондай-ақ, екі елдің БҰҰ шеңберіндегі өзара байланыстарын қозғады. Таиланд Сыртқы істер министрі Касит Пиромиамен кездесу барысында тараптар саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін, Қазақстанда Таиландтың дипломатия­лық қатысуын кеңейту, сонымен қатар, АӨСШК және БҰҰ шеңберіндегі өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды. Чехия Премьер-министрінің орын­ба­сары – Сыртқы істер министрі Карел Шварценбергпен кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастар болашағын талқыға салды.