• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2011

Ықпалдастықтың жолдары көп

394 рет
көрсетілді

Женевада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің жұмыс сапары аясында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Наватенам Пиллаймен және Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Антонио Гутерришпен екіжақты кездесулер өткізді. Қ.Саудабаевтың Н.Пиллаймен кездесуі барысында Қазақстанның Жоғарғы комиссар басқармасымен ынтымақ­тас­тық мәселелері талқыланды. Қ.Саудабаев Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жө­нін­дегі кеңестің қызметін шолуды қол­дай­тынын, саяси және азаматтық құқық­тар бір жағынан, экономикалық, әлеу­мет­тік және мәдени құқықтар екінші жағынан кеңес жұмысында бірдей қолданыс табуы қажет деген ұстанымды жақтайтынын атап өтті. Қ.Саудабаев әңгімелесуші тарапты біздің еліміздің адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту жөніндегі, азамат­та­ры­мыздың сапалы білім алуға, денсаулық сақтауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге негізгі құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі атқарылып жатқан жұмыс­тарымен таныстырды. Өз кезегінде Н.Пиллай Қазақстанмен ынтымақтастық деңгейіне, атап айтқан­да, адам құқықтарын қорғау жүйесін әрі қа­рай жетілдіру жөнінде Президент Н.На­зарбаевтың бастамасымен қабыл­да­нып отырған шаралардың деңгейіне жоғары баға берді. Ол Қазақстанның алдыңғы жылы әмбебап кезеңдік шолуды сәтті ұйымдастырып, оның нәтижесі бойынша құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру бойынша 120 ұсыныс қабылдағанын атап өтті. Қазіргі кезде аталған ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша жұмыс тобы құрылып, қызметін атқаруда. Н.Пиллай еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалығының нәтижесіне, төзімділік мә­се­лелеріне басымдылығына жоғары баға беріп, осы орайда Ислам Конферен­циясы Ұйымына төрағалығымыздан үлкен үміт күтетінін жеткізді. Одан соң, Қазақстан мен БҰҰ Жо­ғарғы комиссар басқармасы арасындағы ынтымақтастықтың дамуы Қ.Сауда­баевтың Жоғарғы комиссар А.Гутерришпен кездесуінде сөз болды. А.Гутерриш өзінің жақында болған Қазақстанға сапарына қанағаттанғанын, соның ішінде Елбасы Н.Назарбаевпен кездесуіне көңілі толғанын айтып өтті. «Біз Қазақстанның басқармамен тығыз байланыс орнатып отырғанына, сондай-ақ босқындардың өтініштерін реттеуге бағытталған бірқатар заң өзгерістерін енгізгеніне ризашылығымызды білдіреміз», – деді өз сөзінде А.Гутерриш. Әңгімелесуші тараптар алдағы ын­ты­мақтастықтың нақты бағыттарын, атап айт­қанда, көктемде Алматыда босқын­дардың өтініштері мәселелері жөнінде халықаралық аймақтық конференция ұй­ымдастыру мәселелерін тал­қыға салды. Қ.Саудабаев БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Сергей Орджоникидземен кездесуі барысында екі­жақты қарым-қатынас мәселелерін, соны­мен қатар, Қазақстанның БҰҰ қыз­метіне қатысуы, соның ішінде қару­сыз­дану, өркениеттер үнқатысуы, аймақтық ынтымақтастық салалары аясында өзара ықпалдасу мәселелерін талқылады. БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Астана бастамаларына барынша қолдау көрсетіп отырғанына алғысын білдіре отырып, Қ.Саудабаев әрі қарай үйлес­тірілген өзара ықпалдастықты жалғас­тырудың ортақ мақсаттарға жетуде маңызы зор екенін атап өтті. Әңгіме барысында тараптар өзара ықпалдастықтың, халықаралық және ай­мақтық саясаттың өзекті мәселелерін қозғады. Соның ішінде Солтүстік Африкадағы мәселелер және оны реттеуде халықара­лық ұйымдар тарапынан қабылданып жатқан шаралар сөз етілді.