Шымкент қаласында ақпараттық жүйеге ешбір қатысы жоқ қаржы бөлімінің бұрынғы қызметкері жабық жүйеге емін-еркін кіріп, жер учаскелері туралы мәліметтерді өзгерткен. Ал Ақмола облысында әр жылдары жұмыстан шығып кеткен 83 қызметкердің ақпараттық жүйеге кіру құқығы дер кезінде жойылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған заң бұзушылықтар ағымдағы жылы «Азаматттарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына енген «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК-сының қызметі бойынша анықталып отыр. «Қазіргі кезде осы жұмыс барлық облыстық жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменттерінде жүріп жатыр. Аталған шаралар қараша айына дейін жалғасады», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру дирекциясының (ЖМТТ ЖК) директоры Бақыт Әбішев.
Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында жер туралы мәліметтерді заңсыз өзгерту және ақпараттық қауіпсіздік ережелерін сақтамау әрекеттері әшкереленді. Шымкент қаласында ақпараттық жүйеге ешбір қатысы жоқ қаржы бөлімінің бұрынғы қызметкері жабық жүйеге емін-еркін кіріп, 14 жер учаскесі туралы мәліметтерді өзгерткен. Сөйтіп, мәліметтер базасында кадастрлық негізі жоқ жер учаскелері еніп кеткен. Осы іспетті заңсыз әрекеттер Ақмола мен Алматы облыстарында да анықталды. Қазіргі кезде аталған фактілер бойынша барлық материалдар құзырлы мемлекеттік органдарға жіберілді. Сол жерде тиісті шаралар қолға алынады.