Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің төрағалығымен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының күн тәртібінде екі хаттама мен шартты ратификациялауға қатысты үш заңдық құжат қаралды.
«Кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу режімінен жекелеген уақытша алулар туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндаманы Экономикалық даму және сауда министрінің міндетін атқарушы Марат Құсайынов жасады. Хаттамада жеке тұлғалар жеке пайдалануға арналған жеңіл автокөліктерін әкелу кезінде уақытша жеңілдетілген кедендік баж ставкаларын қолдану көзделіп отыр. Жеңілдік үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін қолданылады. Қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары, әр түрлі сауда режімдері қолданылатын тауарлар импортына, Қазақстан Республикасы өтпелі кезеңде неғұрлым төмен кедендік баж ставкаларын қолданатын тауарларға да кедендік декларацияны қолдану көзделген. Бірыңғай кедендік тарифті қалыптастыру келіссөздер негізінде сезімтал деген 400 тауарлық позиция бойынша қолданылатын болады. Заң жобасы бірауыздан қолдау тауып, қабылданды.
Екінші қаралған заң жобасы «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартты ратификациялау туралы» деп аталады. Ол бойынша баяндаманы Қаржы министрі Болат Жәмішев жасады. Министрдің мәліметінен белгілі болғандай, 2007 жылғы 5 қазанда Душанбеде Қазақстан, Ресей, Армения, Белоруссия, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері аталған шартқа қол қойған. Шартта нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруға қатысты ережелер көзделген, оған сәйкес тараптар өздерінің құзіретті органдарына қылмыстық кірістерді және терроризмді қаржыландыруға арналған қаражатты сәйкестендіруге, іздестіруге, осындай кірістермен және қаражатпен жасалатын операциялар мен мәмілелерді, оларды беруді немесе оларға өзгеше иелік етуді болдырмау жан-жақты қарастырылған.
Депутат Тасбай Симамбаев осы ретте көптеген қаржылар шетел асып жатқандығын алға тарта отырып, соларды қайтаруда нендей іс-әрекеттер жасалып жатқандығын сұрады. Министр өз жауабында Қаржы мониторингі комитеті құқық қорғау органдарына тек мәлімет берумен шектелетіндіктен, бұл мәселемен түбегейлі айналыспайтындығын жеткізді. Заң жобасы бірауыздан қабылданды.
«Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Сегізінші қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев қысқаша баяндама жасады. Бұл Хаттама пошта операторлары үшін стандартталған терминдерін белгілеу, әмбебап пошта қызметтерінің құқықтық негізін кеңейту және өзара ықпалдастықты дамытуға бағытталған. Сегізінші хаттама сонымен қатар халықаралық пошта алмасуды кеңейту үшін де қажет, Жазбаша хат-хабарлар регламентін және Пошта жөнелтілімдері регламентін сақтау міндеттемесін көздейді. Сонымен қатар олар халықаралық пошта қызметіне қолданылатын жалпы қағидаларды, халықаралық пошта алмасуды жүзеге асырған кезде, мүше елдер аумағы арқылы еркін транзит ұсынған кезде жазбаша хат-хабарлар мен пошта жөнелтімдері қызметтері туралы ережелерді қамтиды. Сенаторлар аталған заңдық құжаттың маңызын ескеріп, оны бірауыздан қабылдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.