• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2011

Барша баспаналы болсын

353 рет
көрсетілді

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2011-2014 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қалай жүзеге асырады? Халықтың барлық әлеумет­тік топтарын баспанамен қамта­масыз ету кез келген мемлекет үшін  басты мәселе болып қала бермек. Тұрғын үй құрылыс жинақтары арқылы оның оңтай­лы жолдарына көшкен Еуропа елдерінің қатарына Қазақстан­ның ілескеніне көп жыл өте қой­маса да, қазіргі таңда бұл жүйе­нің тиімділігі көрінуде. Бар­шаны жеке баспанамен қам­тама­сыз ету мәселесіне орай, 1 нау­рыз күні «Тұр­ғын­үйқұ­ры­лысжинақбанкі» АҚ бас­­шылығы БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл жүйенің  дамуы елімізде 2000 жылы «Қазақстан Респуб­ликасы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» заң қабыл­данған сәттен бастау алады. Алай­да, шын мәнінде аталмыш жүйе 2003 жылы «Тұрғынүй-құрылыс­жинақбанкі» АҚ құ­рыл­ған­нан кейін ғана іске кірісті. Бұл жүйенің негізгі мақсаты 2000 жылы Үкімет қаулысымен бекітілген, тұрғын үй құрылы­сын ұзақ мерзімге қаржылан­дыру мен ипотекалық несие беру жүйесін дамыту тұжырым­дамасынан туындайды. Үстіміздегі жылдың ақпа­нында өткен «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде де Елбасы тұрғын үй құрылы­сының құлдырауы мүмкін екенін атап көрсетіп, оны қолдау және ипотеканы ынталанды­ру­дың кешенді шараларын әзір­леу­ді тапсырғаны баршамызға белгілі. Осыған орай, Үкімет тұрғын үй құрылысын дамы­тудың бірнеше бағыттарын қам­титын  2011-2014 жылдарға ар­нал­ған Қазақстан Республи­ка­сын­дағы тұрғын үй құры­лысы бағдарламасын әзірлеген-ді. Ендігі жерде бұл бағдарлама баспанасыздарға, жаңа отау құр­ған жастарға, жеке пәтерлі бо­лу­ды армандайтын жандарға нақты қандай игі ықпалын тигізеді? Банк пен Үкімет оны қалай тиімді жүзеге асырады деген са-уал туындамақ. Аталған шара ая­сын­да 2011-2013 жылдары Қазақ­стан­ның бүкіл облыста­рының, Ас­тана мен Алматы қалалары­ның жергілікті атқарушы орган­да­ры республикалық бюджеттен тұр­ғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушыларына арналған 3 са­наттағы жайлылық деңгейі бойын­ша тұрғын үй құрылысын қар­жыландыру мақсатында 80,84 миллиард теңге бөлмек. Мұндай таза әрленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны Алматы қаласы үшін 142,500 теңгеден, Астана мен Атырау қалалары үшін 112,500 теңгеден, басқа облыс орталықтары үшін 90 мың теңгеден аспайтын болады. Осы жүйе арқылы үйлі болуды көздегендер үшін шамамен 800 мың шаршы метр тұрғын үй салу жос­парланып отыр. Тұрғын үй бағдарламасы аясында несие беру талаптарын жұм­­сар­ту, жергілікті атқарушы органдар тұр­ғызған тұрғын үйді уақтылы әрі толық са­тып алуды қамтамасыз ету мақсатын­да банктің алдын-ала және ара­лық тұрғын үй заемдарын беруі үшін бюджеттік қа­ражат беру көзделген. Оған қоса тұрғын үй бағдар­ламасында 2-3 санат­тағы жай­­лы­лық деңгейі бойынша тұр­ғын үй құрылысын одан әрі қаржылан­дыру үшін екінші дең­гейдегі банк­терді (ЕДБ) қорлан­дыру жағы да қарастырылуда. Бұл үшін 2011 жылы Қазақ­станның тұрғын үй құрылыс жинақ банкін республи­калық бюд­жеттен 57 миллиард теңгеге капиталдандыру жүзеге асы­рылмақ. Яғни, аталмыш банк ЕДБ-ге тұрғын үй құрылысы құнының 50 пайызы шамасында, келісілген депозиттер және 50 пайыз  ЕДБ-нің жеке қаражаты есебінен депозиттер орналасты­рады. Мұндай жағдайда соңғы заемшыға, яғни құрылыс салу­шыға арналған сыйақының тиімді мөлшері жылына 12 пайыздан аспауы тиіс. Бұл бағыт бойынша дайын тұрғын үйді сатқанда таза әрленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 170 мың теңгеден қымбат болмауы тиіс. Баспасөз мәслихатында «Қазақ­станның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың басқарма төрайымы  Нұрбибі Наурызбаева: – 2004 жылдан бастап елімізде ипотекалық несиелендіру жо­ғары қарқынмен дамыған бола­тын. Ол кезде мүмкіндігі болмаса да ипотека алғандар көп болды. Әлемдік қаржылық-экономика­лық дағдарыс тұрғын үй құрылысы жинақ жүйе­сінің дамуына өз әсерін тигізді. Сондықтан да бас­тапқы кезде тұр­ғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сенбегендер де болды. Жалпы, әлем­дік тәжірибеге қарасақ, жүйе­нің дамуына экономикалық жағдай үлкен әсер етеді. Жыл сайын клиенттердің саны 2-3 есе артып келе жатыр. Жүргізіліп жатқан бағдарламалар және оған банктің белсенді қатысуы, меніңше, осы жүйеге халықты одан сайын көбірек алып келеді, – деді. Наурызбаеваның айтуынша, қазіргі кезде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне халықтың 2 пайы­зы қатысып отыр. Қазақ­стан­­ның тұрғын үй құрылысы жинақ бан­кі­­­­­­­нің  стратегиялық даму жос­пары бойынша 2015 жылға дейін  олар   экономикалық белсенді ха­лық­тың 6 пайызын осы жүйеге  тартуды мақсат етіп қойып отыр. –  Біздің банктің ерекшелігі біз тек халықпен жұмыс жасай­мыз. Лицензиямыз бойынша заңды тұлғалармен қызмет жаса­маймыз, оларға қаржы беруге мүмкіндігіміз жоқ, – дейді басқарма төрайымы. – Біз құрылыс компанияларын қаржыландырмаймыз және олармен жұмыс жасамаймыз. Мәсе­лен,  Астанада «Асья» деген құры­лыс компаниясы бірнеше жылдан бері тұрғын үй салып жатыр. Оны халыққа бөліп төлеу  арқылы сатып жатыр. Қазір сол компаниямен келісім-шартқа қол қойдық. Компанияға келіп үй сатып алам деген адамдар біздің банкпен келісім-шарттарын жасап,  ақшаларын жинауда, – дейді Нұрбибі Серікқажықызы. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. ______________ Суретті түсірген Айтжан САЛЫҚҰЛЫ.