• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2016

Түймебаев кәсіпкерлерге: Өңірдің дамуы сіздерге байланысты

349 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кәсіпкерлермен келелі кеңес өткізді. Жиынға шағын, орта және ірі кәсіпорындарды қосқанда 200-ге жуық бизнес өкілі қатысты. Қазақстан ірі мақсаттарға жету үшін оның кәсіпкерлері мықты болуы керек. Оны Елбасымыз дәйім айтып жүреді. Бүкіл әлемді дағдарыс құрсаулаған кезде 10 мыңға тарта жұмысшысы бар ірі кәсіпорындар алдымен қиындыққа тап болыпты. Мә­селен, алып машина жасау зауыты. Конвейерден жаңа шыққан автокөлікті аларман аз. Бағасын төмендетіп сату банкроттыққа апарады. Тығырықтан жол таба алмағаннан кейін алды жабылып тынған. «Ал Германия сияқ­ты бизнесін шағын және орта кәсіпке икемдеген мемлекет­тер дағдарыстан тез шығып кетті,  – деген Елбасы. – Өйткені, кәсіп­орында мықтағанда елу адам жұмыс жасайды. Өндіріп жатқан өнімдері нарықта нақты бағасын алмаса, келесі бағытқа шығынсыз ауыса алады». Бұл жағдай Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлерінің басында бар. Көпшілігі шағын және орта кәсіппен айналысады. Нарық жағдайына тез икемделетін оңтүс­тік кәсіпкерлері «анауым жоқ, мынауым жоқ» деп маза ала бер­­мейді, тек жұмыс жасауға мүм­кіндік бер. Жиын барысында Жансейіт Түй­мебаев алғашқы шаруасын өңір кәсіпкерлерінің жұмысымен та­нысудан бастағандығын айтты. «Оңтүстік» еркін экономи­калық аймағында, «Оң­түс­тік» индустриялық айма­ғын­да, «Тассай» индустриялық айма­ғында болып, зауыт, фабрика жұмыс­тарымен таныстым, – деді ол. – Оңтүстік өңірі республикада халқы көп, екі мемлекетпен шек­тесетін, Ұлы Жібек жолының бойында отырған, ұлттық қасиетті бойына молынан сіңірген киелі мекен. Енді экономикалық дамуда да алдыңғы қатарда болуға жұмыс істеуіміз керек. Облыста ірі, шағын және кіші бизнес бар. Шынтуайтына келгенде, өңірді түлететін, қаржылық жағын нығайтып экономикалық күш-қуатын арттыратын мүмкіндік сіздердің қолдарыңызда. Кәсіп­керлер өз шаруасына мықты болса, жұмыс орындары көбейеді, ел­дің әл-ауқаты артады. Елбасы бізді сіздерге қызмет етуге жі­берді. Осы мақсат үдесінде бірле­сіп жұмыс жасаймыз». Осылай деген облыс басшысы жуырда Астанада өткен Оңтүстік Қазақстан облысының күндерінде Астана әкімі Әсет Исекешевке елордада «Оңтүстік өнімдері» көрме үйін ашуға келіскендігін айтты. Яғни, бұл бір жағынан таныстыру болса, екінші жағынан тауар­лар­дың өтуіне септігін тигізбек. Екі жаққа да пайдалы ұсыныс кәсіпкерлердің көңілінен шықты. Кездесу барысында облыс әкімі әлемдегі бүгінгі күрделенген мәселелердің елімізді айналып өтпейтіндігін, сондықтан дағдарыс екпінін басып, эконо­микалық қуатты арттыру үшін Елбасының тапсырмалары толық орындалуы қажеттілігін айтты. Облыста индустриялық-инно­вациялық даму жұмыстарына қатты көңіл бөлініп жатыр. Сон­дықтан, бірді алып бірге сіл­теген қағазбастылықты азайтып, нақты іспен айналысу, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мәселесі сөз болды. Облыс басшысының емен-жарқын әңгімеге шақыруы кәсіп­керлерді де қуантып, біраз өзекті мәселелер кездесу барысында шешімін тапты. Мәселен, «Диойл­газ» компаниясы «Тассай» индус­триялық аймағынан жер телі­мін ала алмай жүр. Рәсімдеу қағаз­дары көбейіп, алашапқын болып жүргенге ұқсайды. Жансейіт Түймебаев бұл мәселенің жақын арада шешімін табатындығын айтты. Жақында әзірлеген қау­лылардың арасында «Тассай» индустриялық аймағынан жер алатын кәсіпорындардың ішінде «Диойлгаз» компаниясы бар екен. «Марай Е7» және облыстағы мықты кәсіпорындардың бірі «Карлс Крона» электр энергиясымен толық қамтамасыз етілмей келеді. Ал бұл өз кезегінде кәсіп­орындардың толық ырғақты жұмыс жасауына кедергісін кел­тіреді. Олардың өтінішін тыңдаған облыс әкімі жетекші сала басшыларына үш тәулік ішінде электр энергия­сымен толық қамтамасыз етуді тапсырды. Кәсіпкерлерде шешілмей          ке­л­­е жатқан қиын түйіндер көп. «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес төр­ағасы Қайнар Абасов «Оң­түстік» еркін экономикалық ай­мағында кәріз жүйесінің дұ­рыс ойластырылмағандығын, кәсіп­керлердің қиын жағдайға бетпе-бет келіп отырғандығын көтерді. Инженерлік-коммуни­кациялық сала, дайын өнімді өткізу, шет елден келетін жұмыс­шы­­ларға рұқсат алу сияқты өзекті мәсе­лелерді шешуде де қолбайлау көп. Әрине, жылдар бойы қор­даланған мәселелерді бір отырыс барысында шешіп тастау тағы да қағазбастылыққа апарады, әрқайсысына жүйелі жұмыс керек. Бірақ, кәсіпкерлердің жұ­мысына кедергі болдырмайтын­дай тетікті ойластырмаса бол­майды. Осы мақсатта облыс әкі­мінің жанынан кәсіпкерлік ке­ңесі құрылады. Мұнда айына бір рет кәсіпкерлермен жиын өткізіп, шешілмей келе жатқан мәсе­лелер­дің түйіні тарқатылатын болады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар тапсырма белгіледі. Халқымызда «кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген аталы сөз бар. Облыс басшысының кәсіп­керлер мәселесіне тереңірек көңіл аударғанынан жақсы нышан ұқтық. Баяғыдай шикізаттан түсетін пай­даны малданып, «алма піс,   ау­зы­­­­­­­­­ма түс» дейтін заман кетті. Үл­кен өріс, нұрлы көкжиек – индус­трия­лық инновациялық дамуда. Бизнес құрылымдарымен тонның ішкі бауындай жақын болып, бірлесіп жұмыс істеу­ге талпынған Жансейіт Түймебаев­тың әрекеті, әрине, кәсіпкерлерді қуантып отыр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» ШЫМКЕНТ