Жыл басынан бері Қазақстанда интернетте орналастырылған 20 мыңнан астам әртүрлі тақырыптардағы бейәдеп материал бұғатталған. Мұндай дерек Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ұйымдастыруымен өткен алқада айтылды.
«16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне шектеу енгізу» тақырыбы аясында ұйымдастырылған отырысқа мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдар және қоғам белсенділері қатысқан болатын. Аталған министрліктің мемлекеттік мекеме ретінде интернет пен әлеуметтік желілердің мұқият бақыланатындығын баяндаған Жанат Мұратұлы пайдасынан зияны көп сайттарды былай қойып, сонымен мәндес мәліметтер де бұғатталатындығын айтты.
«Әрине, біз пайдасынан зияны көп сайттарды құзырлы органдармен бірлесе отырып, қызметін тоқтатамыз. Одан бөлек, жеткіншектер көп үйірсектейтін әлеуметтік желілерді де қатаң қадағалап, сараптап отырамыз. Жыл басынан бері 20 мыңнан астам материалды бұғаттадық. Оның басым бөлігі балаларды өз-өзіне қол жұмсауға жетелейтін, порнографиялық сипатқа ие немесе теріс ағымға үндейтін, тіпті, бұзақылық әрекеттер арқылы қатыгездікке баулитын бағытта болғандықтан осындай шешім қабылдадық», – деді ол.
Сондай-ақ, жиында мәселенің өзектілігі мен әлеуметтік маңыздылығына байланысты балаларды интернеттің қауіп-қатерінен қорғау үшін техникалық мүмкіндіктер арқылы қойылатын шектеулер туралы да ұсыныстар айтылды.
Соның бірі – байланыс операторлары «балалар интернеті» деп аталатын қызметті іске қосуы туралы болды.
«Бәлкім, байланыс операторларымен бірлесе отырып жеткіншектерге арналған шектеулі «балалар интернеті» қызметін іске қосу керек шығар. Бұл өзі кейбір елдердің тәжірибесінде бар. Белгілі бір деңгейде интернеттің тарифін енгізіп, өзгесіне шектеу қойылуы қажет. Оның ерекшелігі сол – балаларға ұсынылған интернетте зиянды контентті бұғаттау міндеттелетін болады», – деді Ж.Қожахметов.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»