• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2016

Өзегі толған ақ жалын

891 рет
көрсетілді

Тарланбоз ақын, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің туған жерінде кеуде мүсіні орнады Тағдырдың талай тауқыметін өткерген Хамит Ерғалиевтың шығармашылығы жас кезінен бастау алды. Он жасында әкесі ұсталып кетіп, ерте есейді. Білім алуға ұмтылды. «Халық жауының баласы» деген желеу алды­нан кесе-көлденеңдеп шыға бергеніне налымады. Қайратына мінді. Өмірде де, өзі таңдап өлең өрінде де жігерін жасытпады. Өзі өмір сүрген уақыттың ауырт­палығын, қазақтың басына түскен қиындығын «Өзегім толған ақ жалын» деп шығармашылығына арқау ете білді. Жұмыр жерді жанарына сыйғызып, дәуірдің биігінен тебірене үн қатты. Бір қарағанда, ақын поэзиясында өзінің өмірін өлеңге айналдырғаны анық аңғарылады. Жақында өмірде де, өлеңде де ешкімнен тайсалмай, өз үнін таныта алған халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамит Ерғалиевтің туғанына бір ғасыр толды. Осыған орай оның туған жерінде бірқатар шаралар өткізілді. Атыраудағы шаралар алдымен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өт­кен «Жүрегімде жұмыр жер» тақы­рыбымен өткен жыр кешімен шы­мылдық түрді. Оған тек өңір­дің ғана емес, еліміздің әр түк­пірінен ақындар да қатысып, ғасыр­лық биігінен тәуелсіз елінің келешегіне мол мұра қалдырған алдаспан ақынға арналған жырларын оқыды. Ақынның ұрпақтары Мұрат пен Алтын, бүгінгі жас буын қатарындағы шөбересі Мұс­тафа да естеліктерімен бөлісті. – Хамит Ерғалиев –аңызға ай­налған адам, қазақтың аяулы перзенті. Бұл той – рух тойы, мә­дениет тойы, құрметті азаматтарды әрдайым ұлықтап, еске алып отыруды жүзеге асыруды қолға алу керек, –деді Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай. Х.Досмұхамедов атындағы Аты­рау мемлекеттік универ­ситетінің ректоры Абзал Тәлтенов те­ңіз толқынындай буырқанып, күн­дей күркіреп жыр жазған Хамит Ерғалиев атындағы стипендия тағайындап, оның алғашқы қаржысы 3-курс студенті Айсұлу Жексеноваға берілді. Шаралар легі Исатай ауданында жалғасты. Өйткені, осы дәл ауданда Хамит ақынның кіндік қаны тамған. «Ерғали күтірі» аталатын мекенде арнайы тақта-белгі қойылды. Екіншіден, елі­міз тәуелсіздігін алған тұста Х.Ер­ғалиевтің атымен аталған ауыл­дағы мектептің алдында қазақ поэзиясының ақ боз пырағындай болған Хамит Ерғалиевтің кеуде мүсіні ашылды. Аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков болашақта да Хамит ақынның мұрасы туған жерінде насихаттала беретінін тоқталды. Осы ауданның орталығы –Ақ­қыстаудағы аудандық мәдениет үйінде ақынның мұражай бөлмесі де жасақталыпты. Оның ашуылында Хамит Ерғалиев туралы деректі фильм көрсетілді. Енді бір сәтте экраннан «Осылайша, айналайын, ақындар, Ұша алмасаң үніңді кім мақұлдар? Жұртымыздың жүрегі боп соқ деуге, Қанаты боп самға деуге хақым бар» деген өзінің өлең жолдарын қырандай саңқылдап оқып отырған Хамит Ерғалиевтің бейнесі көрінді. Осындай ақжолтай шаралар Атыраудағы Махамбет атындағы қазақ драма театрында поэзия ке­шімен жалғасты. Театр әр­тіс­тері тек Хамит ақынның ғана емес, сонымен бірге, оның шы­ғар­­­машылығына арқау болған кейіп­керлерінің бейнесін сомдады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» Атырау облысы