• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Медиацияның мүмкіндігі зор

421 рет
көрсетілді

20-21 қазан күндері Мәжіліс  депутаттарының бір тобы жұмыс барысындағы сапармен Павлодар облысында болып қайтты. Мәжілісмендер қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру мәселесі жөнінде 5 институттық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау аясында облыстық сот, прокуратура қызметкерлерімен, «Достық» үйінде қоғам өкілдерімен кездесулер өткізді.  Облыстық Ішкі істер департаментінде депутаттар Асылбек Смағұлов, Арман Қожахметов, Евгений Козлов, Қанат Мусин, Василий Олейник полиция қызметкерлерімен кездесуде еліміздің заңнамаларындағы қылмыстық, қылмыстық-атқару жүйесіндегі жаңашылдықтар жайын сөз етті.  Кездесуде уақыт талаптарына сәйкес кейбір заң нормаларына өзгертулер енгізу қажеттілігі туып отырғаны да айтылды. Облыс орталығындағы «Достық» үйінде де «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын  жүзеге асырудағы «Қоғамдық келісім кеңесінің  және медиация орталықтарының атқаратын рөлі» деген тақырыпта  дөңгелек үстел отырысы өтті. Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары Наринэ Микаелян,  Бақытжан Әбдірайым, Нұрлан Дулатбеков, Берік Дүйсенбинов, Снежанна Имашева, Балайым Кесебаева, Магеррам Магеррамов, Маңсұрхан Махамбетов, Асылбек Смағұлов қатысып, елімізде қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 4-ші бағыты аясында Ассамблея жанынан құрылған «Қоғамдық келісім кеңесі» мен Медиация орталықтарының бүгінгі жұмысы жайлы сөз қозғады.   Пікірталасқа облыстық этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, «Қоғамдық келісім кеңесінің» мүшелері, медиаторлар қатысты. «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Қоғамдық келісім кеңесінің» мүшесі Татьяна Кузинаның айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудағы облыстық «Қоғамдық келісім кеңесінің» атқаратын рөлі айқын.  Бүгінгі таңда қазақстандық қоғамда ұлттық бірлікке ұмтылыс артуда. Біз этносаралық келісімді сақтауымыз керек.  Біздің алдымызда көптеген мақсаттар мен міндеттер тұр, оның орындалуына әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы қажет.  Сонымен қатар, Т.Кузина Мәжіліс депутаттарына мемлекеттік сатып алу жүйесі заңнамаларын жеңілдетуді  ұсынды. Облыстағы медиация орталығының басшысы Ольга Николашинаның айтуынша, «Достық» үйінде ашылған «Медиация кабинеті» мен «Медиация орталығының» халыққа  тиімді қызмет көрсету барысында «Татуластыру рәсімдерінің ақпараттық бұрышын» жасау шаралары жүргізілуде. Жалпы, дөңгелек үстел басында сөз алған Мәжіліс депутаттарының айтуларынша, медиация – қазақстандық қоғамның сындарлы болашағы. Сондықтан, медиация институты туралы  ақпараттарды көптеп тарату керек. ҚХА «қоғамдық келісім кеңесінің» жұмысын дұрыс бағытта жүргізу қажет. Сол кезде кеңес еліміздегі  еңбек ұжымдарында туындайтын дауларды шешуде медиатор бола алады. Уақыт өте келе біз бұл жұмыстарды дұрыс жолға қоя алсақ, онда Ассамблея институты, толықтай алғанда, «қоғамдық келісім кеңесі» бұл мәселеде медиатор рөлін атқарады. Сапар барысында Мәжіліс депутаттары облыс орталығында «Кондоминиум обьектілерін басқару және тұрғындардың  өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету» туралы өткен  қоғамдық кеңеске қатысты. Тұрғын үй, коммуналдық салада орын алып жатқан қиындықтардан жан-жақты хабардар болды.  Кеңес мүшелері «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді сұрады. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы