Парламент Сенатында «Жол қозғалысы саласындағы құқықтық реттеудің жай-күйі мен проблемалары туралы» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің бастамасымен өткен шараға Парламент депутаттары, орталық және жергілікті органдардың өкілдері және сарапшылар қатысты.
«Жол қозғалысы саласын құқықтық тұрғыдан жетілдіру – Парламент пен Үкіметтің ұдайы назарында тұратын маңызды мәселе. Жол бойында орын алып жатқан апатты оқиғалар бізді бейжай қалдырмайтыны сөзсіз», деді Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, Төраға былтыр ғана еліміздің жолдарында 19 мың жол-көлік оқиғалары болғанына, онда 2,5 мың адам қаза тауып, 24 мыңнан астамы жарақат алғанына назар аударды. Бір жол-көлік оқиғасынан көптеген адамның қаза табу оқиғалары жиіледі. Жол-көлік оқиғасы туындауының негізгі себебі, көліктегі жүргізушілер тәртібінің төмендігі болып отыр, еліміздегі жол-көлік оқиғаларының 90 пайызы солардың кінәсінен болады, деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасының пікірінше, бұл мәліметті орасан зор қарулы қақтығыс туралы ақпаратпен салыстыруға болады. «Егер де осылай кете беретін болса, біз таяудағы 10 жылда 25 мың адамнан айырылуымыз мүмкін және ширек миллиондай қазақстандық ауыр жарақат алуы ықтимал. Сондықтан, өте шұғыл шаралар қажет», деді Қ.Тоқаев.
«Жол-көлік оқиғаларының үштен бірі жылдамдықты арттырудан орын алады. Бұл жылдамдықты реттеудегі ең үздік халықаралық тәжірибені ескеру үшін Қазақстан заңнамасына өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетіп отыр», деді Қ.Тоқаев.
Төраға қауіпсіз жылдамдықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті ахуалды ескере отырып, жылдамдыққа қосымша шектеу енгізу үшін қажет болған жағдайда жергілікті билікке өкілеттік берілетін шетелдік тәжірибені мысалға келтірді.
Осы саладағы заңнаманы жетілдіру туралы айта келіп, жоғарғы палатаның басшысы 2014 жылы жол қозғалысының тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Жол жүрісі туралы» жаңа Заң қабылданғанын еске салды. Биыл заңнамаға жүргізушілер даярлайтын оқу ұйымдарына жаңа талаптар бекітетін түзетулер енгізілді, ол жолдағы жағдайды жақсартуға жәрдемдесуі тиіс. «Жолдағы қозғалыс саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беру керек. Сондықтан бүгінгі Парламенттік тыңдау ұсынымдар мен пікірлер беру тұрғысынан маңызды ғой деп санаймын», деді Сенат басшысы.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, біздің негізгі мақсатымыз – жол апаттары деңгейін төмендетіп, жол-көлік кешенінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету «Автожол саласы экономика мен қоғам дамуының «бет-бейнесі», яғни айнасы екенін ұмытпауымыз керек. Жолдың жағдайына қарап, мемлекеттің даму деңгейі туралы қорытынды жасауға болады. Қазақстан әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына кіруді көздейтінін жариялады, бірақ, шынын айту керек, автожол саласындағы қауіпсіздіктің қазіргі жағдайы бұл міндетті орындауға сай келмейді», деді сөзінің соңында Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Парламенттік тыңдау барысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко, Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды сөз сөйледі. Ал бірқатар сенаторлар жол-көлік саласын құқықтық реттеуді жетілдіру жөніндегі өз ұсыныстары мен ескертпелерін айтты.
Парламенттік тыңдауға қатысушылар Үкіметке, Ішкі істер, Инвестициялар және даму, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым, Ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне ұсынымдар әзірледі.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»