Ардагерлер кеңесі. Осылай аталатын ұйымдар әр жерде әртүрлі деңгейде, сан алуан сапада тірлік кешулі екені түсінікті. Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесіне былтырдан бермен қарата Жеңісбек Мәуленқұлов жетекшілік жасауға кіріскен еді. Бүгінде кім-кімнен сұрасаңыз-дағы, бұл ұйымның тамырына қан жүгіріп, жан кіре бастағанын айтып, ақеділ алғыс жаудырады. Мұның сыры неде екенін білмек мақсатпен аталмыш кеңестің төрағасына бірер сұрақ қойғанбыз.
– Жасыратыны жоқ, облыстық, кейбір қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің жұмысына бұрындары реніштер басымырақ білдірілетін. Естіп те, көріп те, жазып та жүретінбіз. Көбінесе түрлі буындардағы төрағалар төрде отырып, әкімқаралардың жанынан табылып, ретін тауып мақтап, ал ардагерлер қамымен шындап айналыса қоймайтын. Өткен жылдан бастап бәрі басқаша сипат алған сияқты. Үйренетін үрдістер аз емес секілді. Неден бастадыңыздар?
– Ең алдымен Елбасымыздың Жолдауындағы, жасаған баяндамаларындағы, сөйлеген сөздеріндегі қанатты қағидалар мен қойылатын талаптарға назар аударсақ, жүзеге асыратын жұмыстар жүйеленіп шыға келеді. «Ел туралы жадағай ойлау да, халықтың тағдырымен ойнау да түбі жақсылыққа апармайды», – дейді Президентіміз. Біз ең әуелі әрбір ардагердің назардан тыс қалмауын көздеп, әрқайсысы есепке алынған ба, тізімге тіркелген бе, бастауыш ұйымда бар ма деген мәселеден бастадық. Сөйтсек, осы орайда толып жатқан кемшіліктер бар екен. 2010 жылғы маусымда облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының арнайы отырысын өткізіп, жағдайды жан-жақты талқылап, талдап, нақтылы іс-шаралар жоспарын және қаулы қабылдадық. Осы қаулыға сәйкес бастауыш ұйымдардан бастап, барлық аудандық және қалалық ардагерлер ұйымдарында есеп беру-сайлау жиналыстарын уақыт талабы деңгейінде өткізуге күш салдық. Әрбір ардагерге көңіл бөліп, назар аударған соң олар да белсенділіктерін арттыра бастады. Жиналыстарда өткір сындар айтылып, ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартудың нақтылы жолдары жөнінде ұсыныстар білдірілді. Ел бірлігі, ырысты ынтымақ, ұрпақтар сабақтастығы, жастар тәрбиесі жөнінде келелі әңгімелер қозғалды.
Қазір барлық жағдайлар дерлік айқындалған. Жұмыс біршама жүйеленген. Не істеу керектігін білеміз. Өткен жылға белгіленген іс-шаралардың көпшілігі ойдағыдай орындалды. Облысымыз бойынша 18 қалалық және аудандық ардагерлер кеңестері, 427 бастауыш ұйым бар. Оларда 167 мың ардагер есепте тұрады. Көптеген ардагерлер өз ұйымдары туралы естіп-білмеген, есепке алынбаған жағдайлар кездесті. Осыған орай жаңадан 11 бастауыш ұйым құрылды. Біз бірде-бір ардагердің есептен тыс қалмауын қатаң қадағалаудамыз.
Өзіңіз меңзегендей, жоғарылы-төменді буындардағы төрағаларда біржақты көзқарас қалыптасып келгені де рас. Бүгінде біз бастауыш ұйымдардан бастап, барлық төрағаларға талапты күшейтудеміз. Төрде отырып, басшылардың жанында жүргендерін теріс көрмейміз, бірақ ең бастысы, «Ардагерлеріміз – ардақтыларымыз» деген мақсаттың іс жүзінде орындалғанын қалаймыз. Жаңағы жүз жетпіс мыңға жуық ардагердің 1270-і соғыс ардагерлері мен мүгедектері. Майданда қаза тапқандар мен соғыстан соң қайтыс болғандардың бір жарым мыңға жуық жесірлері бар. Соғыс ардагерлеріне теңестірілген 5039 адам, 23670 тыл ардагері бар. Міне, осылардың ешқайсысы назардан тыс қалмауы тиіс. Жаңаша талап қоюымызға байланысты 119 бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалығына неғұрлым жасырақ, денсаулықтары дұрысырақ, іскерлігімен, абырой-беделімен танылған кісілер сайланды. Аудандық және қалалық 9 ұйымның да төрағалары ауыстырылды.
– Атқарушы және өкілетті органдар тарапынан ардагерлерге жасалатын қамқорлық қай деңгейде деп бағалауға болады?
– Жалпы алғанда ардагерлерге қамқорлық жаман емес. Ардагерлер кеңестері құзырлы органдармен бірге көп нәрсені шеше алады. Солай болуға тиіс. Ардагерлерге коммуналдық қызмет түрлері бойынша төлемақыны жеңілдету үшін 15,6 миллион теңге бөлінді. Шымкент қалалық әкімдігі көлікте тегін жүру үшін 104 мың адамға 20,7 миллион теңге қарастырды. Арыс, Кентау, Сарыағаш қалаларында, Сайрам ауданында соғыс ардагерлерінің көлікте тегін жүруіне қамқорлық жасалып отыр. Баспасөзге тегін жаздыру жөнінде «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына, «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Қазахстан», «Айғақ» газеттерінің редакцияларына ризамыз. Қазір азық-түлік тауарларының бағасын төмендету мақсатында 14 әлеуметтік дүкен, 98 сауда нүктесі ұйымдастырылып, жұмыс істеуде. 32 әлеуметтік дәріхана арзандатылған бағамен дәрі-дәрмек босатады.
Облыс бойынша 50 ардагер әлі де пәтер алу кезегінде тұр. 2010 жылы 593 соғыс ардагерінің пәтерін жөндеуге 22,5 миллион теңге бөлінді. Облыстық ардагерлер кеңесі өзінің есепшотынан соғыс ардагерлері мен көп балалы аналардың үй-жайларын жөндеуге 6,9 миллион теңге бөлді. Сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаев пен «Даңқ» орденінің толық иегері Қарабай Қалтаевқа берілген пәтерлерді жиһазбен жабдықтауға 1,3 миллион теңге қарастырдық.
«Ардагерлеріміз – ардақтыларымыз» дегенде, әсіресе, ағаларымыз бен апаларымызға медициналық көмек көрсетудің және демалыс орындарында денсаулықтарын нығайтудың орны ерекше екені аян. Біздің облыста соғыс ардагерлері мен мүгедектері және соларға теңестірілгендер, майдангерлердің жесірлері, тыл және еңбек ардагерлері өз аймақтары бойынша емдеу мекемелеріне бекітілген. Тұрақты бақылауға алынған. Аудандық, қалалық және облыстық емханаларда соғыс ардагерлеріне арнайы палаталар қарастырылған. Облыстық ардагерлер кеңесінің тұрақты комиссиясы медициналық қызмет жағдайын үнемі қарап, қадағалап отырады. 2009-2010 жылдары «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» шипажайы күрделі жөндеуден өтті. Оларда былтыр 5205 ардагер демалды. «Сарыағаш», «Денсаулық», «Манкент», «Ақсу-Жабағылы» және «Спутник» шипажайларында ардагерлерді демалтуға былтыр бюджеттен 47,8 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 61,4 милион теңгеге дейін көбейтілді.
«Ардагерлеріміз – ардақтыларымыз» деген девизбен ардагерлердің бәріне дерлік жан-жақты медициналық көмек көрсетілді.
– Облыс ардагерлерінің мәдени-рухани өмірінде де сергек серпіліс айқын аңғарылады. «Жақаң келгелі жадырап, жасарып қалғандаймыз» деушілер аз емес. Шымкенттің Орталық саябағында «Ақ тұлпар» атты шахмат клубы ашылыпты деседі...
– Бүкіл республика біздің Шымқаламызда былтыр пайда болған Даңқ мемориалына айрықша назар аударды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бой көтерген бұл мемориалда облыстан майданға аттанған 140 мыңнан аса адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылды. Бұл кешен бүгінде тағзым мен тағылым орнына айналды. Түркістанда, Сарыағашта, Қазығұртта, Шардарада, өзге де аудандар мен қалаларда «Жеңіс» саябақтары, тағы басқа да қастерлі орындар ашылды. Ұрпақтар сабақтастығы мақсатында ардагерлеріміз жас ұрпақ тәрбиесіне көбірек араласа бастады. Мектептерде, колледждер мен университеттерде, жастар орталықтарында кездесулер жиірек ұйымдастырылуда. Былтырғы ораза кезінде арнайы ауызашар беріліп, барлық аудандар мен қалалар өкілдері қатысып, жастар тәрбиесі жөнінде жан-жақты әңгіме қозғадық.
Облыстық ардагерлер кеңесі біраз уақыт бұрын «Батасы бұлақ – ардагер» деген атпен батагөй ақсақалдардың облыстық байқауын өткізді. Жақында «Ардагерлерді ардақтайық» деген конкурс жарияладық. Оған бұқаралық ақпарат құралдары мен қаламгерлер қатысады. Кеңесіміздің жанынан түрлі салалар бойынша арнайы ақылдастар алқаларын құрдық. Мәселен, руханият жөніндегі ақылдастар алқасына Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек төрағалық етеді. Жақында осы алқаның талқылауынан өткен ардагерлер шығармаларының жинағын шығармақпыз.
Ардагерлер кеңесі жанынан «Шаттық» хоры құрылып, оның барлық мүшелеріне талғамға сай киімдер тіктірдік. Саз аспаптары сатып алынды. Хор құрамында 45 аға-апаларымыз ән шырқайды. Жаңағы өзіңіз айтқан «Ақ тұлпар» шахмат клубына орталық саябақтан жарасымды жай жасап, жұмысын жүргізетін арнайы адам белгіледік. Мүмкіндігінше қаржы қарастырдық.
Әрине, Елбасымыз биылғы Жолдауында айтқандай, алдымызда атқарылар қыруар істер бар. Қол жеткенді місе тұтуға болмайды. Шешімін күткен кейбір кілтипандарымыз да жоқ емес. Былтырғы ақпан айында өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында Президентіміз әр облыста ардагерлер үйін ашу туралы айтқан еді. Осындай арнайы үй қажет-ақ. Біле-білгенге ардагерлер – үлкен күш. Тәуелсіздігімізді мәңгілік баянды етуде аға ұрпаққа жүктелер жауапкершілік жоғары. Ең бастысы, ардагерлеріміз осы парызды терең сезінеді.
Әңгімелескен Мархабат БАЙҒҰТ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.