• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

Қоныс тойы құтты болсын!

516 рет
көрсетілді

Павлодар қаласының  Сәтбаев көшесіндегі №344, №348 тұрғын үйлер Қазақстан Ипотекалық Компаниясы бағдарламасы бойынша салынды. Бұл қуанышты шара ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге асты. Көп қабатты жаңа екі тұрғын үй об­лыс орталығындағы Усол­ка ша­ғын ауданында бой кө­терді. Еңселі әрі әдемі. Құры­лыс­шы­лардың еңбегі деген, міне, осы. Бұ­дан басқа би­ыл қалада «Өңірлерді да­мытудың 2020 жыл­ға дейінгі» бағ­дарламасы бой­­ынша осындай 7 көп қабатты үй пайдалануға берілді. Облыс әкім­дігінің мә­ліме­тінше, биыл тұр­ғын үй құры­лысының қарқыны өт­кен жылмен салыс­тырғанда 1,6 есе­ге ар­тыпты. Енді жыл со­ңына дей­ін облыс орталығында та­ғы да 4 жаңа үйдің құ­рылысы аяқ­та­лады деген қуанышты хабар бар. Ал Қазақстан Ипотекалық Компаниясы және Бәйтерек девелопмент «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарымен, мемле­кеттік бағдарлама операторларымен Усолка шағын ауданын­да салынған үйлердегі 270 пәтерді ке­зекте тұрған тұрғындар алды. Жал­пы, бұл ауданның өзін бір қала деуге бола­ды. Ертіс өзені жағасында бірінен соң бірі бой көтерген көп қабатты үйлер қарасы көп. Мұнда Назарбаев зияткерлік мектебі, №4 емхана, облыстық балалар ауруханасы, кардиохирургиялық орталық, №25 мектеп, балабақшалар мен сауда орталықтары бар. Автобус қатынасы тұрақты, трамвай жүреді. Барлық жағдай жасалған. – Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарса­ңында қаламызда екі бірдей тұрғын үйдің берілуі –  қуанышты оқиға, – дейді облыс әкімі Болат Бақауов. Ал Қазақстан Ипотекалық Ком­паниясы желісі бойынша пәтер алған 270 отбасы қата­рын­да мүмкіндігі шектеулі бала тәр­биелеп отырған отбасылар, мем­лекеттік қыз­метшілер мен бюджеттік ұйым­дардың қыз­меткерлері де бар. Жаңа үй­лер 108 бір бөл­мелі, 108 екі бөл­мелі және 54 үш бөл­мелі пә­тер­ден тұрады. Тұрғын үйлер­дің құрылысына елімізде өнді­рілген материал­дардың 80 пайызы, яғни кір­піш, арма­тура және бетон пайдаланылған. Өз кезегінде «Қазақстан Ипо­те­ка­лық Ком­паниясы» ИҰ» АҚ қар­жы-техникалық бақы­лау бас­қар­ма­сының басшысы Жан­болат Құр­манбаев қала тұрғындарының қоныс тойы қуа­ныш­тарына ортақ­тасып, ізгі тілегін білдірді. Жаңа үйден жайлы пәтер алған учас­келік полиция қызметкері Бауыржан Асыл­бековтің қуа­нышында шек жоқ. Ол от­басымен бірге 10 жылға жуық жал­дамалы пәтерде тұрыпты. Енді, мі­не, өз пәтері үшін 20 жылға жуық айына 60 мың теңге көлемінде ақы тө­лейді. – Бұл өте жақсы мүмкіндік, – дейді Бауыржан. Ал Айгүл Жү­ні­со­ва болса үй кезегін «толық емес от­басы» санаты бойынша жеті жыл то­сыпты. Мүмкіндігі шектеулі бала асы­рап отыр. Ол осыған дейін талай қиын­дықтарға тап болғанын жасырмайды. – Енді пәтерге қолым жетті, қиын­дық артта қалды, – дейді ол шат-шадыман қуанышпен. Бұл Павлодарда мемлекеттік бағ­дарлама бойынша салынған бірінші үй емес. Өткен жылы Жалға берілетін тұрғын үй бағ­дарламасына қа­ты­сушылар үшін Қазақстан Ипотекалық Ком­па­ниясы Майра көшесінде жалпы алаңы 9,5 мың шаршы метрлік 180 пәтерді, Елгин көшесінде жалпы алаңы 1 мың шаршы метрден асатын 35 пәтерді пайдалануға тапсырған еді. Жалпы Қазақстан Ипо­текалық Компаниясы және Бәйтерек девелопмент бірлескен жобалар аясында 1,5 мыңнан астам қазақстандық отбасылар­ды жалға берілетін тұрғын үймен қам­тамасыз етіпті. Биыл бір­лесіп салынған құрылыс аяқталғанда тағы да 1,5 мың қазақстандық пәтер кілтін алады. Тұрғын үйді пайдалануға бе­ру бағдарламасын іске асыру бас­­талғаннан бері рес­публика бо­йын­­­ша жалға берілетін тұрғын үй­­д­ің жалпы алаңы 500 мың шар­шы метрден асты немесе 8 мың­нан астам пәтерді құрады. Тұр­ғын үй алаңдары еліміздің бар­­лық қалаларында, соны­мен қа­та­р Алматы, Ақмола және Шы­ғыс Қазақстан облыс­тарын­да пай­дал­ануға берілді. 2016 жы­лы «Қазақстан Ипо­текалық Ком­паниясы» ИҰ» АҚ бағдарлама көрсеткіштеріне сәйкес «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қолдауымен барлығы 326 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға береді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР