Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
О. Өксікбаев Президентке 2010 жылы комитет тарапынан жүргізілген бақылау іс-шараларының қорытындылары туралы, сондай-ақ өткен жылғы республикалық бюджеттің орындалуына жасалған талдаудың нәтижелері жөнінде баяндады.
– Мемлекет басшысы қаржылық бақылауды жетілдіру жөнінде, сондай-ақ жергілікті бюджеттің орындалуына сыртқы қаржылық бақылау қызметін пысықтау және күшейту туралы бірқатар нақты тапсырма берді, – деді О.Өксікбаев журналистерге арналған брифингте.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тың бас директоры Алик Айдарбаевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
А.Айдарбаев Президентке «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тың 2010 жылғы қызметінің қорытындылары туралы баяндады.
– Мен Мемлекет басшысына компанияның 2015 жылға дейінгі даму перспективалары туралы және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тың жаңа технологияны енгізуде қандай жұмыстар жүргізіп отырғаны жөнінде баяндап бердім, – деді А. Айдарбаев журналистерге арналған брифингте.