Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 4 ақпандағы №1149 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 4 ақпандағы № 16/22 қаулысымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды тіркеуді аяқтады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының (әрі қарай – Конституциялық заң) 27-бабының 2-тармағына сәйкес 2011 жылдың 3 наурызы мен 1 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасының Президенттiгіне кандидаттар сайлау алдындағы үгiт жүргізуді жүзеге асырады. Бұл ретте сайлау алдындағы үгіт – сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет (Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағы).
Конституциялық заңның 27-бабының 3-тармағына сай сайлау алдындағы үгіт баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырыла алады. Сондай-ақ, сайлау алдындағы үгіт заңнамамен белгіленген тәртіпте және Конституциялық заңда тыйым салынбаған жария iс-шаралар арқылы (жиналыстар және сайлаушылармен кездесулердi, жария пікірталастар мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және басқа жария іс-шараларды) жүзеге асырылуы мүмкін.
Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер мен демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
Аталған заңға сәйкес Конституциялық заңның 27-бабының 3-тармағының 2-тармақшасында көрсетілген жабық емес орындарда өткізілетін сайлау алдындағы жария iс-шаралар жергілікті атқарушы органдарын алдын ала ескерту және олардың рұқсатын алу арқылы арнайы бөлінген орындарда қоғамдық тәртіп пен халықтың тіршілігін қамтамасыз ету нысандарының қалыпты жұмысын бұзуды болдырмауға бағытталған шараларды қолдана отырып, жүзеге асырылуы тиіс.
Конституциялық заңның 27-бабының 9-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгітті жүргізу кезеңінде сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынатынын атап көрсетеміз.
Сайлау науқаны үшін арнайы әзірленген баспа материалдарын, соның ішінде, безендірілген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгілерді, жалауларды, жалаушаларды тегін таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт болып саналады.
Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады.
Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (9-бап) сәйкес сайлау алдындағы үгітті немесе жария iс-шаралардың шарттарын бұзу кінәлі адамдарды заңда белгіленген жауапкершілікке тартуға әкеп соғады.
Жоғарыда көрсетілген заңнама нормаларын түсіндіре отырып, Бас прокуратура барлық азаматтарды, заңды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау процесі барысында, соның ішінде, сайлау алдындағы үгітті немесе жария iс-шараларды заңсыз жүзеге асыруға жол бермеу тұрғысында заңдылықты бұлжытпай сақтауға шақырады.