• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

Шорт-трек мықтылары анықталды

270 рет
көрсетілді

21-23 қазан аралығында Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында шорт-тректен Қазақстан Республикасы Кубогінің екінші кезеңі өтті. Аталмыш сайыс 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада қарсаңындағы тестілеу шарасы ретінде ұйымдастырылды. Жарысқа еліміздің 8 аймағынан келген 100-ден аса конькиші бақтарын сынады. Сайысты өткізудегі мақсат – Қазақстандағы үздік шорт-трекшілерді анықтау және қысқы Универсиада жарыстары өтетін спорт нысандарының дайындығын, сондай-ақ ұсынылатын қызметтердің әзірлігін тексеру. Сайыс қорытындысы бойынша әйелдер арасында сынға түскен Атыраулық Ким Йонг А есімді коньки шебері 1500, 1000, 500 метр қашықтықтарында жеңімпаз атанса, қостанайлық Анастасия Крестова аталған жарыс түрлерінде тиісінше екінші орынды еншіледі. 1500 метрге конькимен жүгіруде атыраулық спортшы Ольга Тихонова, 1000 метрлікте астаналық Мадина Жанбосынова, 500 метр қашықтықта Батыс Қазақстан облысының конькишісі Анита Нагай қола жүлдені қанағат тұтты. Ерлер арасындағы сайыста Қостанайдың тумасы Еркебұлан Шамұханов 1500 және 1000 метрлік жарыста үздік атанды. Турнирге Атыраудың атынан түскен Мерсаид Жақсыбаев алдымен 1500 метрге конькимен жүгіруде екінші болып келіп, 500 метрлік сында үздік нәтиже көрсетті. Қостанайлық спортшы Қуандық Сүлейменов та қос жүлдені арқалап қайтты. Ол жарыстың бірінші күні 1500 метрде жүлделі үштікке кірсе, кейін 1000 метрлікте күмістен алқа тағынды. Батыс Қазақстан облысы үкілеп қосқан Әділ Ғалиахметов та жерлестерін екі бірдей жүлдемен қуантты. Әділ 500 метрге жарысуда екінші сатыдан табылса, 1000 метрлік сында қолаға қол созды. Ерлер арасындағы жарыстың 500 метрлік жарысында атыраулық Евгений Ребик үшінші орынға табан тіреді. Жарыстың соңғы күнінде әйелдер арасында 3000 метрге және ерлер арасында 5000 метрге эстафеталық жарыстың финалы өтті. Әйелдер арасындағы эстафетада Қостанай конькишілер жүйрік атанды. Батыс Қазақстан спортшылары екінші орынды алса, астаналық конькишілер үшінші орынмен шектелді. Ерлер арасындағы 5000 метр қашықтыққа ұйымдастырылған эстафетада алтын медальді Батыс Қазақстан облысының спортшылары иемденді. Қостанай конькишілері күміске ие болса, елордалық шорт-трек шеберлері үшінші орынды қанағат тұтты. Меліс СЕЙДАХМЕТОВ, журналист АЛМАТЫ