«СЫБАҒА» КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?
Шаруа қожалықтарының иелері мен мал шаруашылығымен айналысуды ниет еткен қарапайым ауыл тұрғындары бүгінде «Сыбаға» бағдарламасы туралы құлақтанып, оған үлкен үміт артып отыр. Әлбетте, жаңа бағдарламаның жай-жапсарын жете білгісі келетіндер де жетерлік.
Осыған орай біздің Жамбыл облысындағы тілшіміз Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мұрат Әсілбековке:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Бұл бағдарлама Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыру мақсатынан туындап отыр. Мысалы, Жолдауда «2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең» деген жолдар бар. Бұдан ары аталған шараны жүзеге асыру үшін мемлекеттен 130 миллиард теңге несие ресурстары бөлінетіндігі, сөйтіп, ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылатындығы айтылған. Демек, бұл – ет экспортын қамтамасыз етуге үлес қосатын бағдарлама.
Бұл жерде «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ бағдарлама авторы ретінде бастаманы өз қолына алып, белсенділік танытып отыр. Ал бағдарлама туралы таратып айтсақ, ірі қара малын сатып алғысы келетін шаруаға несие 6% өсіммен 7 жылға беріледі. Несиенің 2 түрі бар. Егер шаруа 1 миллионнан 7,5 миллион теңгеге дейін несие алмақ болса, онда оны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» алады. Ал 7,5 миллион теңгеден көп несие қажет шаруалар «Аграрлық несие корпорациясына» өтініш береді. Себебі, мұнда мал сатып алумен бірге, қора-қопсы, жемшөп сияқты тағы басқа да керекті нәрселерге қаражат қарастырылған.
Әлбетте, жеңілдетілген несиенің де өз талаптары болады. Олар: шаруалардың төлем қабілеттілігі, қаржы тұрақтылығы, салыққа, бюджетке міндетті төлемдер бойынша және банктер мен басқа да қаржы институттары алдында қарыздарының жоқтығы, малды бағу үшін қажетті инфрақұрылымдарының және жайылым алаңдарының болуы, сатып алатын мал санының 50 пайыздан кем емес жеке малының (мысалы, 10 сиыры бар шаруа – 20, ал 20 сиыры бар шаруа – 40 сиыр сатып ала алады дегендей) болуы талап етіледі.
Біз шаруа қожалықтарында мұндай кепілдіктер бар деп санаймыз. Сондықтан «Сыбаға» – шаруамды шалқытам дегендерге өте тиімді бағдарлама. Оның үстіне негізгі қарызы мен сыйақыны өтеу үшін едәуір жеңілдік кезеңдері ескерілген.
«Судың да сұрауы бар», бұл несие той жасап, үй мен автокөлік сатып алу үшін берілмейтінін қатты ескеру керек. Ол үшін несие алушы ең алдымен мал өткізушіні анықтап, мал санын арттыру үшін өзіне қажет бұзаулайтын мал басын және табынды жақсарту үшін асыл тұқымды бұқалар сатып алғаны дұрыс. Олардың 4 жастан аспағаны мақұл. Мал басы өз төлі есебінен көбейе бастағанда бордақылау алаңдарымен шарт жасасады да, малды оған түпкілікті семіртуге өткізеді. Одан ары мал еті экспортқа шығарылады. Осындай бірлескен іс-әрекеттер арқасында шаруа қожалықтары мал басының саны мен сапасының артуына қол жеткізумен бірге, тұрақты мал сатып алушының кепілдігіне ие болады. Қаражаты молайып, шаруасы да түзеле бастайды.
Бүгінде «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес, облысымызда асыл тұқымды ірі қара өсіретін әрқайсысы 1000 бастан 5 шаруашылық пен әрқайсысы 1 мыңнан 5 мың басқа дейін 5 мал бордақылау алаңы және 180 фермерлік шаруашылық құру жоспарланып отыр.
Жамбыл облысы.