Таяуда Батыс Қазақстан облысының орталығында кезекті сенбілік өтті. Осы шара барысында байырғы Оралдың жасыл желегіне 250-ден астам жаңа «тұрғын» қосылды. Олардың арасында жалпақ жапырақты да, қылқан жапырақты да ағаш түрі баршылық. Үшбу сенбілікке өзге оралдықтарға қоса, облыстық этномәдени бірлестіктерінің өкілдері де білек сыбанып, белсенді атсалысты.
Мәселен, біздің облысты мекендеген әзербайжандардың «Бірлік» мәдени-ағарту қоғамының төрағасы Наджаф Мәмедов пен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, Орал өңіріндегі армяндардың «Мазис» этномәдени бірлестігінің төрағасы Аветик Амирханян (оң жақта) екеуі тізе қосып, шырша көшетін отырғызды.
Армения мен Әзербайжан көп жылдан бері жер мәселесіне қатысты қырғи қабақ жағдайда екендігі мәлім. Ал мына фотокадрда қасиетті қазақ жерін құтты мекен санайтын армян мен әзербайжанның бірлесіп көшет еккендігі бейнеленген. Ендеше, Отанымыздың ұлы мәртебелі Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай күні кеше отырғызылған шөже-шырша достықтың шынарына айналсын деп тілейік!
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
журналист
ОРАЛ