Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ахуалдық залында он баланы құтқарған автобус жүргізушісінің құрметіне салтанатты шара өткізілді. Марапаттау рәсіміне оның әріптестері, «Green Bus» ЖШС Алматы қаласы №1 коммуналдық автобус паркінің қызметкерлері қатысты.
Адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Азамат Сағыновты ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің Алматы қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Серік Әубәкіров алғыс хатпен марапаттады.
«Бұл – адамдарды құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын нағыз қазақстандық азаматтың іс-әрекеті», деп атап өтті Серік Ғабдоллаұлы.
Айта кетсек, 2016 жылғы 6 қазанда сағат 15.00 шамасында Достық даңғылында №29 бағыттағы автобус өртенген еді. Сонда жүргізуші Азамат Сағынов балаларды жалын құшағынан құтқарып, өртті сөндірген.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ