• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2016

Жастарға жасалған үлкен мүмкіндік

361 рет
көрсетілді

Қазақ мемлекеттік қыздар педаго­ги­­калық универ­ситетінде қазан айында бір күн бойы, яғни сағат таңғы 7:00-17:00 аралығында «Менің бүгінгі жұмысым...» атты студенттер арасында айрықша акция өткізілді. Аталмыш акцияның мақ­саты – студент-жастар заманауи көшке ілесіп, тек қана бір мамандықпен шектелмей, жан-жақты болып, кез келген кәсіпті игеруі керек. Жастардың бойында азаматтық ұстаным, тапқырлық, әлеу­меттік жауапкершілік қасиет­тері арта түседі. Жас адам неғұрлым сан-салалы болса, өмірден өз үлесін алу жолында еш қиналмайды. Қазіргі таңда елімізде ғана емес, әлемде жұмыссыздар саны артуда. Сол себептен, қатып қалған шең­берден шығып, алған маман­дықтан бөлек, түрлі кәсіпті дөңгелетіп әкеткен абзал. Бұл бастаманы Алматы қала­­сының Жастар саясаты басқармасы қолға алып отыр. Басқарма сту­денттік өзін өзі бас­қарудың жұмысын жетілдіру және бағалау мақса­тында биылғы жылдан бастап «Almaty YouthAwards» сал­танатты марапаттау рәсі­мін өткізуді жоспарлап отыр. Қазақстанда жастарды қолдау және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың идеясы болатын. Президент жылдағы ха­лыққа арналған Жолдаулары мен ұлт жоспарында үнемі жас­тарды қолдап, бағыт-бағдар беріп келеді. Қыздар университеті сту­денттері «Менің бүгінгі жұмы­сым...» атты акция барысында барлығы 33 жұмыс орнымен келісіп, жұмысқа сай қыз­мет түрін көрсетті. Атап айтар болсақ, Ұлттық кітапханада «Кітапханашы», «Нұр Отан» партиясының Еңбекшіқазақ аудандық филиалында «Іс қағаздар жүргізуші», Алма­ты қалалық Ардагерлер үйін­де «Әлеуметтік қызмет­кер», «Ақ Үміт» балалар үйін­­де «Тәрбиеші», «Oskar» «Мо­дуль» моделдік агент­ті­гін­де, «Полезная аптека» ат­ты дәріханада фармацевт, «Deneba» аутсорингтік компания­сында «Сақтандыру агенті», №7 қалалық клиникалық ауруханада «Аға мейірбикенің көмекшісі» сынды 33 түрлі мекемемен жұмыс жасап шықты. Сондай-ақ, «балмұздақ сатушы», «музыкант», «журна­лист», «консультант», «ре­дак­тор-монтаждаушы», «дая­шы», «гүл сатушы», «виза­жист», «кіші медицина қызметкері», «промоутер», «мектеп директоры», «есепші», «тарих пәнінің мұғалімі», «аудармашы», «ке­ңесші-сатушы», «аспазшы», «шаштараз» сынды сан түрлі маман иесі болып, бір күн бойы аталмыш қызметтің қызығы мен қиындығын көрді. Әр студент жұмыс жасау барысында өз шеберліктерін көрсетіп, педагогикалық маман­дығынан өзге сала түрін де игере алатын­дықтарын дәлелдеді. Мұндай іс-шараларды ұйым­дастыруда белсенділік танытып, студенттерге үлгі-өнеге, жол сілтеп отырған Қыздар уни­верситеті жастар саясатын дамыту бөлімінің бастығы Нұргүл Қайдауылова бізбен әңгімесінде: «Алдағы уақыттарда бүгінгі жүр­гізілген жұмыс өз жалғасын табады. Жастар оқу ордамыздың миссиясына сәйкес білім алумен қатар, тәлім-тәрбиені қатар алып жүру керек. Өз-өзін шыңдап, дамыту шарт. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, әр студент – бір-бір тұлға. Ертеңгі еліне еңбек ететін ұлтжанды азамат пен азаматшаны біз бүгін дайындаудамыз. Сондықтан, барынша жас­тарды игі істерге және өз ісінің білгірі болып қана қоймай, жан-жақтылыққа тәрбиелейтінімізге еш күмән келтір­меймін. Акцияның діт­те­ген мақсаты да осы болатын», – деп атап өтті. Білім ша­ңырағы бүгін ертең­нің сенімді іргетасын қалайтын жігерлі жас­тарға жауапкершілік пен патриот­тық сезім қалыптастырып тәр­биелеудің озық үлгісін көрсетіп отыр десе болғандай екен. Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ