• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2016

Ассамблея кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосады

272 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламент Мәжілісіндегі депутаттық тобының отырысы өткізілді. Отырысты ашқан депутаттық топ­тың жетекшісі, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов  топтың алтын­шы шақырылымдағы екінші сессия­ға белгіленген жұмыс жоспары туралы хабардар етті. Өзінің кіріспе сө­зінде Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауым­дастығының қызметі туралы әңгімелеп берді. Іс жүзінде елдің этномәдени бірлестіктерінің индус­трия­ландырудың ауқымды бағдарламасына қатысуын қамтамасыз ететін құрылым жасалған. Қауымдастық мемлекеттің, бизнестің, этномәдени бірлестіктердің әріптестігін дамытуға жүйелі негізде септесетін болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығы Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен белсенді түрде ынтымақтаса жұмыс істеуге ниетті. Тәуелсіздік жылдарының бәрінде Үкімет Мемлекет басшысының кәсіп­кер­лікті орнықты дамытудың үлгі­сін қа­лыптастыру жөніндегі бас­ты ба­ғы­тын табанды түрде жүзеге асырып келеді. Мемлекеттің ел үшін ең қиын кездің өзінде жасаған батыл қадам­дары аз уақыттың аясында отан­дық кәсіп­керлердің үлкен тобын қалыптастыруға мүмкіндік ашты, деді депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқар­масының төрағасы Абылай Мырзах­метов. Ол кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы туралы жан-жақты айтып берді. Олардың арасын­да шағын кредиттеуді кеңейту, халық­ты бизнестің негіздеріне үйрету, ауылша­руа­шылық кооперациясын дамыту, бәсекеге шыдас берерлік бизнес қалыптас­тыру, экспортқа есептелген өнім шы­ғару, кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын жасау, мемлекеттік орган­дардың бақылау-қадағалау міндет­терін қайта реттеу, қылмыстық және әкім­шілік заңдылықты жұмсарту, барлық ведомстволық және еншілес құ­ры­лым­дардың нарық қағидаттарын бұ­зуын тексеру сияқты қадамдар бар. Отырыста сөз алған халық қалау­лы­лары «Атамекен» ұлттық палатасының қыз­метін негізінен мақұлдады, кәсіп­керлік белсенділікті одан әрі дамыта түсу жөнінде өздерінің ұсыныстарын айт­ты. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»