Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин жаңартылған Астана – Теміртау тас жолының бойында көшпелі кеңес өткізді. Бұл жоба мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда.
«Орталық – Оңтүстік» автомобиль даңғылының бір бөлігі саналатын Астана – Теміртау тас жолының жалпы ұзақтығы – 171 шақырым. Осы жолды кеңейту жұмыстары қазіргі уақытта аяқталуға жақын. Теміртаудан Астанаға дейінгі төрт жолақты жол жыл соңына дейін толығымен іске қосылмақ. Сол кезде екі аралықта автокөліктер қос қатармен еркін жүйткитін болады. Техникалық тұрғыдан жаңа жолдың сапасы мен ені сағатына 140 шақырым жылдамдықпен қозғалуға мүмкіндік береді. Яғни, Астанадан Теміртауға небары бір жарым сағатта еркін жетуге болады. Жолды жаңарту нәтижесінде, сонымен қатар, бұл аралықтан тәулігіне 28 мың автомобильге дейін өте алады.
Автожол бойында жүргізушілерге қысы-жазы жағдай жасау үшін Аршалы мен Ошағанды ауылдарының тұсынан сервистік қызмет орталықтары салынбақ.
Жолды жаңарту мен жетілдіру жұмыстарына 2 мыңнан астам адам, 1200 техника жұмылдырылды. Пайдаланылған материалдардың 85 пайызы – Қазақстанда жасалған өнімдер.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин кеңесті қорытындылай келе, жұмыс сапасын арттыру, автожолды уақытында пайдалануға беру, қауіпсіздік мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ