Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Польшаның Қазақстандағы елшісі Мачей Лангты оның біздің еліміздегі дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты қабылдады. Қ.Тоқаев елшінің жемісті еңбегіне ризашылығын жеткізе отырып, оның кәсіби қызметінің табысты болуына тілектестігін білдірді.
Сенат Төрағасы біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа жоғары баға берді. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы тамыздағы Польшаға мемлекеттік сапары біздің қатынастарымызды өзара түсіністіктің жаңа сапалық тұрғыдағы деңгейіне көтеруге мүмкіндік берді», – деп атап өтті Қ.Тоқаев. Парламентаралық ынтымақтастыққа Польша Сенатының Төрағасы Станислав Карчевскидің таяудағы Қазақстанға ресми сапары елеулі серпін берді.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, Еуропалық одақпен стратегиялық әріптестік тұрғысында да Польшамен екіжақты ынтымақтастықты дамыту аса маңызды болып отыр. Осыған байланысты Польша Парламентімен қоса, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің заң шығару органдарымен Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің тезірек ратификациялануына сенім артылып отырғаны айтылды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.