• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2011

Әйел біріксе, алынбайтын қамал жоқ

615 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің депутаты, әйел депутаттар тобының үйлестірушісі Майра Айсина Парламентте халық қалаулылары болып жүрген, бұған дейінгі шақырылымдарда Мәжіліс депутаты болған, бүгінде елордада түрлі басшылық қызмет атқаратын ханымдардың басын қосты. Бұл шуақты кеш Қазақстан Республикасы Парламентінің 15 жылдығы, Қазақстан Республика­сы­ның Тәуелсіздігіне 20 жыл толуы мен тұңғыш рет өткізілгелі отырған әйелдер құрылтайының құрметіне арналды. «Еліміздің еңсе көтеріп, мемлекетіміздің ны­ғайып, іргеміз­дің беки түсуіне нәзік жанды сана­ла­тын әйел­дер­дің қосқан үлесі өл­шеусіз. Тарих түкпірінен сөз тарт­па­ғанның өзін­де осы жиырма жыл­да қазақ­тың қыздары ер көтерер жүк­ті ар­қа­лай білді. Сол ер мінезді қай­сар қыздар – сіздер деп тани­мыз», – деп кешті бастады М.Айсина. Салтанатты кеш «Елдің батыр қыздары», «Халық қалау­лы­ла­ры», «Министр ханымдар», «Ауыр жүк арқалағандар», «Ха­лық үні», «Біздің үміт» деген атаулармен айшықталып, қатысып отырған әр әйелдің өзіндік орнын анықтады. Елінің батыр қыздары болып Мемлекеттік сыйлықтың лауре­ты, ақын Фариза Оңғарсынова, қо­ғам қайраткері Зәуре Қады­рова, мемлекеттік қызметкерлер Раиса Шер мен Лилия Мусина танылды. Олар Парламенттің өткен шақырылымдарының депу­таттары, Фариза апай мен Зәуре апайдың мерейлі мерейтойларын ескерген сіңлілері тарту-тарал­ғыларын да ұмытпады. Фариза апай саясаткер сіңлілеріне Шың­ғыс ханның шапқыншылығы кезіндегі Отырар қаласындағы әйел­дердің ерлігін әңгімелеп берді де: «Мемлекет дамуында атқа­рып отырған еңбектеріңе табыс, елдің бүгіні мен ертеңін анаға тән жүрекпен ойлап жүрген жү­ректеріңе алғыс тілеймін. Парламентте өткір мәлімдемелер жасап, депутаттық сауалдар жолдап отырған қыздарымыз, заң дайын­даған кезде де өз үндерін таны­тып, өз талаптарын қосып отыр, соның арқасында әлеуметтік мә­селелер оң шешімін тауып келеді. Алдымызда Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, президенттік сайлау, Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық, т.б. көптеген жауапты шаруалар тұр. Оның негізі мына сен­дердің қолдарыңмен атқары­ла­ды. Әйелдер біріксе, алын­байтын қамал жоқ. Сендерге сол жолда табыс тілеймін!», – деп ақ батасын берді. Мерекелі, берекелі осы кешке атақты скрипкашы Айман Мұса­қо­жаева, Қазақстанның іскер әйелдері ас­со­циациясының президенті Раушан Сәрсембаева қа­ты­сып, ха­лықтың үнін жеткізді. Жұлдыз қыздардың жарқыра­ған кешінде күйші Мұрагер Сәр­сенбаев, Астана филармония­сы­ның әншілері Айзада Қопанова, Естай Мұқашев, Бибігүл Жан­ұзақ және «Кантус Нова» вокал­ды квартеті өнер көрсетті. Сәуле ДОСЖАН, журналист.