• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2016

Ауыл оқушысы 150 мың доллардың сертификатын жеңіп алды

355 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында тұратын 15 жасар Мөлдір Жұбаева Түркияның кез келген жоғары оқу орнында білім ала алады, деп хабарлайды egemen.kz Вaq.kz-ке сілтеме жасап. Ырғыздық он бірінші сынып оқушысы үш жылдың ішінде түрік тілін үйреніп, халықаралық конкурста ақын Қадыр Мырзәлиевтің шығармашылығы туралы жобаны қорғады. «Диапазон» газетінің мәліметінше, оқушы қыз шығыс әдебиетін сүйіп оқиды. Түрік тілін телехикаялардың арқасында үйреніп алған. Ол түрік сериалдарын түпнұсқада көріп, аударып машықтанған екен. Мектеп оқушысы қазақ тілі мен әдебиетінен барлық олимпиадалар мен конкурстарға қатысып жүріп, интернет арқылы халықаралық жобаларда да бағын сынап көруге бел буыпты. «Ата-анам интернетте көп отыруыма қарсы болды. Алайда таяуда осы жерден халықаралық жобалар туралы оқып-білдім. Сөйтіп оған қатысуға шешім қабылдадым, – дейді Мөлдір. – Қатысушылар арасында әлемнің 50 елінің оқушылары болды. Гран-при аламын деп ойлаған жоқпын, өйткені қарсыластарым өте мықты еді. Дегенмен, мен үздік шықтым. Жеңіске жеттің дегенде, сенген жоқпын. Мені ҰБТ-дан босатты». Жеңімпазға бас жүлде ретінде 150 мың доллардың сертификаты берілді. Ол ауыл оқушысына Түркияның кез келген оқу орнында білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Мөлдір Парижге жолдама жеңіп алды. Сынып жетекшісі мен мектеп директорына да Тайланд пен Дубайға жолдама табысталыпты. «Сертификатты алдық, алайда қызым әлі қайда оқитынын шешкен жоқ», – дейді Мөлдірдің әкесі.   Ырғыз мектеп-гимназиясының мұғалімдері Мөлдір көпбалалы отбасынан шыққанын хабарлады. Жұбаевтардың отбасында бес бала тәрбиеленуде. Қыздың анасы – бастауыш сынып мұғалімі, әкесі зейнетте. Ол да білім саласында еңбек еткен. Мөлдір Жұбаева журналист мамандығын алып, өзінің телеарнасын ашуды армандайды. Сондай-ақ ол белгілі қазақ жазушыларының кітаптарын түрік тіліне аударғысы келеді.