• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2016

Астана мегаполиске айналады

276 рет
көрсетілді

Алдағы уақытта елорда әлемнің озық технологияларымен жабдықталған ірі мегаполиске айналады. Бұл мақсатқа «Астана» халықаралық қаржы орталығы да өз үлесін қосады. NEWENERGY халықаралық стартап жобалар байқауында Астана әкімі Әсет Исекешев осылай деді, деп хабарлайды egemen.kz Baq.kz - ке сілтеме жасап. «Бүгінгі халықаралық стартап жобалар байқауына әлемнің көптеген елінен инноваторлар келді. Астана – әлемде қарқынды дамып келе жатқан жас қала. Шаһардағы халық саны 1998 жылдан бері 4 есеге өсіп, 1 миллионға жетті. Қаладағы ақша айналымы – 40 млрд доллар. Ал 14-20 жас аралығындағы жастар қала тұрғындарының жартысын құрайды. Алдағы уақытта Астана халықаралық қаржы орталығында британиялық заң жүйесін қолданатын боламыз. Бүгінде шетелдік инвесторларға визалық рәсімдерге және олардың жұмыс істеуіне жеңілдік жасаймыз. Астананы мегаполиске айналдырамыз», - деді әкім.   Оның айтуынша, қаланы дамыту үшін инновациялық технологиялар қажет. «Қарқынды дамуға бет алған Астанада инновациялық технологияларға сұраныс өте жоғары. Сондай-ақ, біз ауыл шаруашылығы, медицина, энергетика және техника салаларын қамтитын 5 өңірлік орталық құрғымыз келеді. Бұл жобаға халықаралық компаниялар мен инновациялық жобаларды тартпақпыз. Смарт шешімдер еліміз бен қала тұрғындарының өмірін жеңілдетеді деп сенеміз» - деді Әсет Исекешев. Сонымен қатар, елорда әкімі шаһардың ірі халықаралық қаржы орталықтарымен ірі компаниялар тығыз байланыс орнатқанын атап өтті. «Қазіргі таңда біз жаһандағы ірі инновациялық Дубай, Лондон, Мәскеу сынды қалалармен және Нuawei, Маккензи, т.б. компаниялармен тығыз байланыс орнаттық. Ондағы мақсатымыз – Астанаға жаңа технологиялар тарту. Бұл байланыс шетелден инвестиция тартуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді сөзін қала басшысы. Айта кетейік, бүгін Астанада NEWENERGY халықаралық стартап жобалардың конкурсы өтіп жатыр. Байқауға 55 мемлекеттің өкілдері қатысуда. Конкурсқа 100 стартап жоба ұсынылған. Байқаудың қорытындысы бойынша үздік 30 жоба «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға жолдама алады. Ал 5 жоба қаржыландырылатын болады.