Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лале Үлкермен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Түркияның екіжақты қатынастары, оның ішінде парламентаралық үнқатысуды одан әрі нығайту мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Қазақстан мен Түркия арасындағы қол жеткен ынтымақтастық деңгейі саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы өзара екіжақты іс-қимылды табысты дамытуға мүмкіндік беретіні айтылды.
Мемлекетаралық қатынастарды нығайтудағы парламентаралық құрамның маңызды рөлін атап өте келіп, Қ.Сұлтанов түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркіПА) деңгейінде өзара іс-қимылдың жоғары әлеуетін атап өтті.
Л.Үлкер сондай-ақ екіжақты байланыстарды одан әрі тереңдету жайына тоқталып, Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды қарқынды дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын айтты, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.