арқылы шағын және орта бизнестің жан-жақты дамуына қолайлы мүмкіндіктер тудыруға болатынын тәжірибе көрсетіп отыр
Петропавлда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің республикалық көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Алқалы жиынға кеңес жетекшісі Ғани Қасымов төрағалық етіп, шағын және орта бизнес саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Ғ.Қасымов кіріспе сөзінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі Елбасы тапсырмаларын орындау басты бағдар, бұлжымас қағидат болып қала беретінін атап көрсетті. Үш жылдың ішінде 12 мыңға жуық мәселе қаралып, нақты шешімдер алынған. Бизнес саласындағы толғақты проблемаларды еңсеруде өңірлерге ерекше талап жүктелетініне, бірігіп жұмыс істегенде ғана нақты нәтиже шығатынына назар аударды. Жасыратыны жоқ, өз кәсібін ашқысы келген адамдарға әкімшілік кедергілер әлі аз кездеспейді. Түрлі сылтаулар айтылып, бөгеттер жасалады. Сондықтан, шағын және орта бизнес өкілдеріне өктемдік жасаушылардың аты аталып, түсі түстелуі тиіс. Мемлекеттік қызметші ме әлде құқық қорғау органының адамы ма, енді аяушылық болмайды, деді кеңес төрағасы.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Жеңіс Қазиевтің хабарлауынша соңғы үш жылда 2761 шағым түскен. 380 миллион теңгенің бизнес мүддесі қорғалған. Биыл 34 әкімшілік кедергі анықталып, 16-ы қанағаттандырылып, 11-і республикалық ведомстволарға жолданған. 100-ден астам кәсіпкерге түрлі көмектер көрсетілген, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Десек те шағымданушылар қатары сейілер емес. Оның басты себептері қағазбастылыққа, бюрократтық енжарлыққа, басқа да бөгесіндерге келіп тіреледі.
Жергілікті кәсіпкерлер атынан сөз алған «Казградстрой» құрылыс компаниясының директоры Александр Авдеев бірқатар қиғаштықтарды жайып салды. Оның айтуынша, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары қызмет бабын пайдаланып, неше түрлі қысымшылық көрсетіп келген. Құрылыс басқармасы тарапынан да бұра тартушылықтар аз ұшыраспаған. 2,5 жылда қолжетімді тұрғын үйлер салуға 6 миллиард теңге инвестиция құйылғанына қарамастан, коммуникациялық жүйелер тарту, телім жерлер бөлу жағынан қолдау аз.
Кеңесте шағын бизнес өкілдерінен түскен арыздар бойынша тарап иелері тыңдалып, мұқият талдау жүргізілді. «Лесокомплекс» ЖШС-нің директоры Андрей Андреев мемлекеттік және құқық қорғау орындарының шабандығына шағымданды. Компания бір банкпен 2017 жылдың 5 сәуіріне дейін 14 пайыздық үстемемен 900 мың АҚШ доллары көлемінде несие желісін ашу жайлы келісім жасасқан. Ондағы мақсат инвестицияны, айналым қаражатын толықтыру болған. Алайда, сыйақы мөлшері аяқасты өсіп кетуі салдарынан тиісті жобалар қаржы тапшылығына ұшырап, өндірістің құлдырауына соқтырған. Қаржы институттарымен келісім нәтижесіз аяқталған. Ешқандай жеңілдік түрлері қарастырылмаған. Сөйтіп, банктің пайдасына 92,2 миллион теңге өндірілген. Серіктестік басшылығы кепілде тұрған жылжымайтын мүліктерді банк арзан бағамен саттыруға мәжбүрледі, ол үшін алаяқтыққа барды деген уәжбен заң орындарына қайырылған. Бұл әрекетті кұқыққа қол сұғушылық деп бағалап отыр. Осы мәселеге қатысты тиісті орындарға нақты тапсырма беріліп, Ғ.Қасымов жеке бақылауына алды.
«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Ғ. Қасымов қорытынды сөзінде алдағы уақытта да іскерлік талқылаулар мен ой-пікірлер алмасуға кең жол ашылатынын, әкімшілік кедергілерді жоюға барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы