• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

Орынды көтерілген мәселеге оңтайлы жауап табыла ма?

272 рет
көрсетілді

Мәжілістің алтыншы шақыры­лы­мының еліміздің барлық түкпір­леріндегі, экономиканың барлық салаларындағы проблемаларды кө­теріп, тиісті орталық билік органдарына депутаттық сауалдар жолдауды жиілетіп отыр. Біз кейінгі жалпы отырыстың бірінде жасалған екі сауалға шолу жасап көрген едік. Депутат Шаймардан Нұрымов Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атына сауал жолдап, мемлекеттік тілдің тәуелсіздіктің 25 жылындағы дамуына көңілі толмайтынын білдірген. «Тіл адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан, тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылымын, әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің – мұрасының қай дәре­жеде екенін көрсететін сөзсіз дә­лел­ді мөлшері», деген Бауыржан Момышұлының сөздерін келтіре отырып ол, батырдың ғылымға арқау болуға тиісті осы талабының баяу жүруде екенін айтады. «Жоғары оқу орындарындағы студенттердің тиісті пәндер бойынша қолданатын қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдары жетіспейді», дей келіп, ол министрге білім-ғылым саласындағы кітаптардың, ғылыми еңбектердің қазақ тілінде дайындалуы мен жазылуы, сондай-ақ аудармалардың сапасы бойынша ынталандыру шараларын қолға алу қажеттігін айтады. Сонымен қатар, ол «Болашақ» түлектерінен «өздері дайындаған ғылыми жұмыстарын (магистрлік және докторлық диссертациялары) мемлекеттік тілге аударуын талап етіп, оларды еліміздің ЖОО мен кітапханаларға таратылуын қамтамасыз ету керек», дейді депутат. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолданған депутат Құдайберген Ержанның сауалында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің салынуы белгіленген уақыттан кешігіп жүргізіліп жатқан себептері туралы айтылады. «Көп жерлерде оған мердігерлердің дайын­дық­сыз, тәжірибелерінің аз немесе техникалық жабдықтарының жет­кіл­іксіз болғандығы себеп болып отыр», дейді депутат. Сонымен қатар, ол Оңтүстік Қазақстан облысын­дағы Ынтымақ елді мекенін бұл жолдың ортасынан қиып өткеніне назар аудартып, мұның ауыл тұрғындарының қатынасына кедергі келтіріп отырғандықтан, тұрғындар наразылығын тудыруда екенін жеткізеді. Осындай келеңсіз жағдай Түркістан қаласында да орын алып отыр екен. Қаланың жанынан өткен жол балалар ауруханасын елді мекеннен бөліп тастап, тұрғындардың ем-дом алуға баруын қиындатқан көрінеді. Сауалының қорытындысында депутат Үкімет басшысының назарын осындай ұнамсыз істердің болмауына аударуды, үлкен жолдардың елді мекендерді айналып немесе биік көпір арқылы үстінен өтуін қарастыруды және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында қажетті инфрақұрылым нысандарын салуды сұрайды. «Белгілі ара қашықтықта болуға тиісті жанар-жағар май стансасы, асхана, дәретхана сияқты орындардың болмауы халықты толғандыруда», дейді ол. Орынды сауалдар зерттеліп, орайлы жауаптар берілетін шығар деген үміттеміз. Әзірлеген Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»