• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

Оқымай-ақ куәлік алады. Неге?

329 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда, жыл сайын жол-көлік апатынан 1 миллионнан астам адам қаза табады екен. Біздің елімізде де бұл мәселе барынша өзекті. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет­і­- нің мәліметтеріне сәйкес, үсті­міздегі жылдың бірінші жар­тыжылдығының өзінде-ақ еліміздің жолдарында 7901 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 11 038 адам зардап шекен, оның ішінде 910 адам қаза тапса, соның 84-і балалар. Талдау көрсет­ке­ніндей, жол-көлік оқиғаларының 90%-дан астамының себепкері «адам факторы», яғни жол жүру ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің қателіктері болып отыр. Бүгінгі таңда жаяу жүргін­шіден жүргізушіге дейінгі жол қозғалысының барлық қа­ты­су­шыларының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет. Бізде үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап жүргізуші куәлігін беру үшін емтихандар тапсыру тәртібі өзгерді. Қазір тиісті оқыту орталықтары азайды, ен­ді адамдар емтихандарға өз бетінше дайындалып, жүр­гі­зу­ші куәлігіне емтихан тапсыруына болады. Нақтырақ айтқанда, аталған норма жеңіл автокөліктер мен мотоцикл жүргізу куәлігін алуға қатысты. Сарапшылар мен маман­дардың пікірі бойынша, мұн­дай жаңалық жол қауіпсіздігіне теріс әсерін тигізді. Кешенді емес, ситуациялық сипатқа ие болатын емтихан дайындығы жоқ жүргізушіні анықтай алмауы мүмкін. Автокөлікті жүргізудің теориялық және тә­жі­ри­белік жақтары бар оқы­ту орталықтарындағы оқу ғана көрсетілген қауіп­тер­­ді төмендетіп, жолда жүру мәдениетінің дең­гей­ін жоғарылата алады. Бұл көзқарасты ішкі істер орган­дарының өкілдері де құптайды. Бірақ олар Үкіметке сілтеме жасап, жағдайды түзете алмай отыр. Кез келген көлік – бұл жоғары қауіпті құрал, сол себепті болашақ жүргізушілерді дайындау кезінде әрдайым бақылау болуы қажет. Осыдан бұрын бір топ Се­нат депутаты Үкіметке тиісті оқы­ту орталық­тарындағы оқусыз жә­не емтихан тапсырмай жүргізу­ші куәліктерін беруді болдырмау, сондай-ақ жүргізушілерді сапалы оқыту және оқу үдерісіне немқұрайлы көзқарасты жою мәселесі бойынша 2016 жылғы 22 сәуірде депутаттық сауалмен жүгінді. Алайда, көрсетілген шараларды қабылдаудың орнына, бұл мәселедегі істің жайын өзгертпейтін мәнердегі жауап алынды, яғни оқу орталығында оқымай-ақ жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру бұрынғысынша жалғасып келеді. Халықаралық тәжірибе көрсет­кеніндей, өз бетімен дайындық тәжірибесі Ресейде 1993 жылы енгізілді, бірақ 2014 жылы көлікті жүргізу құқығын алуға емтихан тапсыру тәртібін қатаңдату шараларын іске асыру үшін емтиханды экстерн түрінде тапсыруды алып тастады. Германияда емтихан тапсыру кезінде автомектептен анықтама көрсету қажет, ал АҚШ, Ұлыбритания және Францияда жол жүру ережесін кәсіби-нұсқаушыдан үйренгендігі туралы құжат талап етіледі. Бізге де жүргізушінің да­йын­дығы мен жауапкершілік дең­гейін арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдау керек. Онсыз жол-көлік апатын азайту мүмкін емес. Ақан БИЖАНОВ, Сенат депутаты