• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

Астана клубы пікірсайыстарында идеологиялық астар жоқ

299 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Сұлтан ӘКІМБЕКОВПЕН әңгіме – Бүгінде түрлі елдердің сарапшылары өзара кездескен кезде әлемдік проб­лемаларды талқылайтын пікір­сайыс алаңдары аз емес. Астана клу­бының басты айырмашылығы неде? – Көптеген пікірсайыс алаңдары АҚШ-та, Еуропада, Ресей мен Қытайда жұмыс істейді. Бұл елдер халықаралық сараптамалық дискурста үстемдікке ие болып, талқылау тақырыптарын қалыптастырады. Дегенмен, тіпті сарапшылық пікірсайыстар уақытының өзінде олардың арасында идеологиялық қарсы тұрушылық жалғасын тауып жатады, ал ол кейде нақты проблемалар бойынша бәтуалар іздеуге кедергі кел­тіреді. Өткен жылы құрылған Ас­тана клубы – әлемдік сарапшылар арасын­дағы пікірсайыстар жетекші держа­валардан тыс жерлерде өтіп, ешқан­дай идеологиялық астарға негіздел­мейтін сирек жағдай болып табыла­ды. Оның сыртында Қазақстан Еуразия­ның стратегиялық орталығында – Ре­сей­дің, Қытайдың, ислам әлемінің, ЕО мен АҚШ-тың арасында орналасқан. Өзі­нің қолайлы географиясы, бейтарап ұста­нымы және жүргізетін көпвекторлы сая­саты арқасында республика жетекші дер­жа­валардың қарама-қайшы қарым-қаты­настарында «адал брокер» бола алады. Сонымен бірге, біз Астана клубы жұмысының тұжырымдамасына ыж­дағаттылықпен қараймыз: сарапшылар өзекті әлемдік проблемаларды ашық талқылай алуы үшін клуб шеңберіндегі талқылаулар Chatham House қағидаты бойынша «жабық есік» жағдайында өтеді. Мұндай қағидат бойынша жұмыс істейтін пікірсайыс алаңдары әлемде онша көп емес, бұл да болса Астана клубының тағы бір ерекшелігі. Өткен жылы клуб жұмысына қатысатын сарапшылар бәлкім көптеген жылдар ішінде алғаш рет өзге елдерден келген әріптестерімізбен сенімді түрде қарым-қатынас жасап, оппоненттердің жаһандық проблемаларға деген объективті көзқарастарын тыңдаған шығармыз деп атап өтті. – Қарашада Астана клубының екінші отырысы өтеді. Клубты ұйымдас­тырушылар мен оған қаты­сушы­лардың алдында биылғы жылға қандай мақсат немесе күрделі міндет­тер тұр? –  Астана клубындағы кездесуде біз әлемнің жетекші мемлекеттері, өңірлік державалары және құрлықтың шағын елдері арасындағы Орталық Еуразияның болашағы туралы үнқатысуды дамыту ниетіндеміз. Жаңа «қырғи-қабақ соғыс» тәуекелін ушықтыратын және өңірлік дау-жанжалдарды шиеленістіретін әлемдік ірі державалар арасындағы күшейіп келе жатқан қақтығыстарды назардан тыс қалдыруға болмайды. Мұндай сценарийге Қазақстан мүдделі емес және Еуразияның орталық бөлігінің бүкіл елдерінің де сондай ойда екеніне сенімім зор. Сарапшылық пікірсайыстар үшін алаң ұсына отырып, Астана елдердің бір-бірімен тіл қатысуды жалғастыруына және проблемаларды бәтуаласа шешуді бірлесіп іздеуге көмектесуге тырысады. Оның сыртында Орталық Еуразия­ның теңіз сауда жолдарынан оқ­шау­ланған елдері әлемдік қоғамдастықтың біртұтас бөлігі болғысы келеді және сол үшін өз аумақтары арқылы құрлықтағы маршруттарды салып, сыртқы ойыншылар инвестиция салған көлік ин­фрақұрылымы жобаларына атсалысады. Теңізге шығатын тікелей жолы жоқ Қазақстан Қытайдың «Жібек жолы­ның экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) инфрақұрылымдық бастамасы іске қосылардан көп бұрын Еура­зиялық көлік дәліздерін салу жұмы­сын бастап кетті. Бүгінде олар Қытай­дың ЖЖЭБ жобасын үйлесімді толық­тырады. Дегенмен, Еуразияда көлік құрылысына қатысып жатқан елдер ара­сындағы дау-жанжалға жол беруге болмайды. Қатысушылардың мүдде­лерін жақындастыру үшін Астана клубы пікірсайысының елеулі бөлігі еура­зиялық инфрақұрылымдық жобаларға ар­налатын болады. Қазақстанның стра­те­гиялық мақсаты – Еуразияның маң­ыз­­ды геоэкономикалық қиылысына айналу. – Еуразияда болып жатқан оқи­ғалар былайғы әлемге де ықпал етеді. Еуразия проблемаларын шешуде Қазақстан өз рөлін қандай дәрежеде көреді? –  Бүгінде АҚШ – Ресей – Қытай үш­бұ­рышындағы геосаяси қарсы тұру­шылық Сауд Арабиясындағы, Иран­дағы, Сириядағы, Түркиядағы, Пәкіс­тандағы, Ауғанстандағы өңірлік қарама-қайшылықтарға әсер етуде, ал ол Еура­зия қауіпсіздігіне елеулі қатер төнді­реді. Мұндай жағдайда елдер арасын­дағы қарама-қайшылықтарды неғұр­лым азырақ дау-дамайлар деңгейі­не ауыстыруға қабілетті делдал қажет. Еура­зияның барлық елдерімен тең қарым-қатынас қалыптастырған Қазақ­стан­ның өзіне делдал рөлін алуына толық негіз бар. Оның үстіне еліміз соңғы жылдары оны нақты мысалдармен дәлелдеді. Халықаралық делдалдар «алтылығы» мен Тегеранның 2013 жылғы Қазақ­стан­да өткен келіссөздерде Иран ядролық бағдарламасы төңірегіндегі тұйыққа тірелген ахуалды еңсергенін еске түсірейік. Өз аумағын тараптардың үнқа­тысуына ұсына отырып, Астана сол жолы маңызды өңірлік медиатор рөлін атқарды. 2015 жылы Қазақстанда елімізге деген әлем қауымдастығының сенімін тағы бір рет растаған Ядролық отын банкі өз жұмысын бастады.  Анкараның ресейлік бомбалағышты атып түсіруінен 2015 жылдың күзінде шие­ленісе түскен Ресей-Түркия қарым-қатынасын реттеуде Қазақстан маңызды мәмілегерлік рөл атқарды. – Астана клубының алдағы екінші отырысының күн тәртібінде қандай тақырыптар тұр? – Астана клубы екінші отырысының тақырыбын біз түрлі елдердің сарапшылары сұраныстарын басшылыққа ала отырып қалыптастырдық. Алда тұрған кездесудің күн тәртібінде еуразиялық көлік инфрақұрылымын дамыту, мұнай бағасының құрлық елдері экономикасына ықпалы, Еуразиядағы көші-қон проблемасы және адами капиталдың өсу перспективалары сияқты мәселелер бар.  Таяу Шығыстағы ахуал, Ресей мен Батыстың өзара қарым-қатынасы, Қытайдың әлемдік саясат пен экономикадағы рөлі – бұл тақырыптар да клуб отырысының күн тәртібінде тұр. Орталық Азия өңірінің проблемасын сарапшылар жаһандық сын-қатерлер мен қауіптер тұрғысында талқылайтын болады. Сонымен бірге, Еуразия геоэкономикасы пікірсайыстардың басты тақырыбы болып қалмақ. – Ұйымдастырушылар Астана клубының екінші отырысынан не күтеді және сарапшылық пікір­сайыстар неғұрлым өткір әлемдік проблемаларды шешуге қалай ықпал етпек? – Біріншіден, біз пікірсайыстар сындарлы және пайдалы болады деп үміттенеміз. Екіншіден, Астана клубы шеңберінде талқыланатын проблемалар қазірдің өзінде шешім қабылдауға жауапты тұлғалар назарында, бірақ пікірсайыстардың олардың ахуалға жаңаша қарауына көмектесетіндігіне сенгіміз келеді. Мәселен, өткен жы­лы клуб отырысы кезінде Қытай Тран­сауғандық газ құбырына қолдау көрсететінін алғаш рет мәлімдеді. Кейін біз ол мәлімдеменің жүзеге аса бастағанын көрдік: Бейжің Кабулмен қарым-қатынасты нығайтты және одан кейінгі перспективалар да қуанарлықтай. Үшіншіден, сарапшылардың әлемдік проблемалардың егжей-тегжейін жабық форматта баяндауы елдердің достық іс-қимылды түсінуіне және қарама-қайшылықтарды шешу үшін негіз қалауына көмек көрсетуі мүмкін. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»